Мәдениет қызметкерлері марапатталды

Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Асты құтқа толы мекеніміздің үсті де мәдениетке тұнып тұр десек артық емес. Аймағымыздан қаншама өнерлі де өренді, мәдениеті биік жерлестеріміз Қазақстанның түкпір-түкпірінен аймақтың атын жаңғыртып жүргені жалған емес. Қазыналы Қаражал қасиетті өнердің киелі бесігі болмаса да, дарынды тұлғалардың мекені.

Аймағымыздың мәдениет саласының қызметкерлері елдігімізді, ғасырлар бойы мұра болған асыл қазынаны ұрпаққа жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқаруда. Өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Бәрімізге мәлім 2013 жылғы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 21 мамырда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні мерекеленеді. Осыған орай біздің қаламыздың өнер қызметкерлері де өткен аптада қала әкімдігінде ұлықталды.
Осы орайда, еліміздің өркендеп-өсуіне, мәдениет биігіне шығармашылық тұрғыдан қызмет етіп, халықты тамаша өнерлерімен қуантып жүрген мәдениет қызметкерлерін қала әкімі Айқын Елеусізов арнайы құттықтап, мерекеге орай марапаттарын табыстады. Айта кетсек, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің Құрмет грамотасымен «Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры Тлеухор Байшукенова, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің Алғыс хатымен Қаражал қаласы мәдени-сауық орталығының музыка жетекшісі Гүлім Аханова, Ұлытау облысы әкімінің Алғыс хатымен Алмагүл Мұхамеджанова және Қаражал қаласы әкімінің Алғыс хатымен Жанар Жалмағамбетова, Шырын Тұрабай, Талғат Мақаев, Жандос Ақтаев және Жансая Абдуллаева марапатталды.
Айтулы мерекеге орай, облыс әкімінің 19 номинациясы бойынша бірнеше сала қызметкерлері, оның ішінде жерлесіміз, Қаражал қаласы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Манара Жетімекова «Тіл жанашыры» номинациясы мен 500 мыңдық сертификатқа ие болды.
Иә, қашан да өнер адамдары біз үшін еңсесі биік, жарық жұлдыз, рухы жоғары болып танылған. Расымен рухани байлықты дамытуда және мәдени дәстүрлердің дамуы мен сақталуы ісіне қосқан мәдениет саласы қызметкерлерінің үлесі орасан зор. Еңбектеріңіз жана бергей! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ