Ұлытау облысында жас кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Соның бір дәлелі – Жаңаарқа ауданына қарасты Бидайық ауылының тұрғыны Нұрболат Бөгдешовтың жаңа бастамасы.
Жас кәсіпкер әкім грантының қолдауымен наубайхана ашып, ауыл тұрғындарын жаңа піскен нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде наубайханада күніне 100 бөлкеден астам нан өндіріліп, халық сұранысына ие болуда.
Кәсіп иесі 1 500 000 теңге көлеміндегі грант қаражатына қажетті құрал-жабдықтарды толық сатып алып, өндірісті жолға қойған. Сонымен қатар, жаңа нысан екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Айта кету керек, 1400-ден астам тұрғыны бар Бидайық ауылы үшін бұл – алғашқы әрі жалғыз наубайхана. Бұл жоба ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп отыр.
