Ұлытау облысында 2025 жылы көктемгі және күзгі мерзімді әскери шақыру науқандары аясында шамамен 800 жас азамат еліміздің Қарулы Күштері мен басқа да әскери құрылымдар қатарында қызмет атқаруға аттанады. Бұл – аймақ жастарының патриоттық рухының, Отан алдындағы азаматтық борышқа деген жауапкершілігінің айқын көрінісі.
КҮЗДЕ 400-ГЕ ЖУЫҚ БОЗБАЛА САПҚА ҚОСЫЛАДЫ
Наурыз-маусым айларында ұйымдастырылған көктемгі шақыру науқаны аясында 400-ге жуық ұлытаулық жас Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанды. Олар ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы жоспар-кестесіне сай еліміздің түкпір-түкпіріндегі әскери бөлімдерге бөлінді. Шақыру барысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, нақты бекітілген тәртіппен ұйымдастырылды. Алдымен азаматтар медициналық комиссиядан өтті, денсаулық жағдайы мен физикалық дайындық деңгейі бағаланды. Сонымен қатар, моральдық-психологиялық тұрақтылығы мен тәртібі де ескерілді. Қазіргі таңда, аттанып кеткен жастар әскери қызметтің алғашқы кезеңінен өтіп, Отан қорғау ісіне шын ықыласпен кірісіп кеткен.
Биылғы күзде де дәл осындай көлемде – шамамен тағы 400 азамат мерзімді әскери қызметке жөнелтіледі деп жоспарланып отыр. Бұл бағытта жергілікті қорғаныс істері жөніндегі бөлімшелер тиісті дайындықты бастап кетті. Алда атқарылар жұмыс – әскерге жарамды жастарды іріктеп, олардың әскери өмірге бейімделуін қамтамасыз ету.
ӘСКЕРИ БОРЫШ – ЕРЛІККЕ АПАРАР ЖОЛ
Мерзімді әскери қызметке алынған азаматтар 12 ай көлемінде әскери дайындықтан өтіп, түрлі кәсіби дағдыларды меңгереді. Бұл – болашақта қорғаныс саласында жұмыс істеуге, құқық қорғау органдарына қызметке тұруға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әскери қызмет жастардың тәртіпке бағынуын, шыдамдылық пен ұйымшылдықты, нағыз ер-азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңіреді.
Ұлытау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мәліметінше, жастардың әскерге деген қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Тіпті, кейбір азаматтар өз еркімен әскери қызметке баруға ниет білдіруде.
ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ – БАСТЫ НАЗАРДА
Жергілікті мектептер мен колледждерде әскери-патриоттық клубтар жұмыс істейді. «Жас сарбаз», «Айбын» секілді қозғалыстар арқылы жастарды ерте жастан отансүйгіштікке баулу – облыстағы маңызды бағыттардың бірі. Бұл да әскерге дайындық деңгейін арттыруға сеп болып отыр.
Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы. Ұлытау жастары бұл міндетті абыроймен атқарып келеді. Олар – ел қорғаны, болашақтың тірегі. Әскери қызмет – тек борыш қана емес, елге деген шексіз сүйіспеншіліктің нақты көрінісі. Ал, ел тыныштығы мен бейбіт өмір – осындай жас сарбаздардың сенімді иығында екенін естен шығармаған абзал.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.