Ұлытауда «Көрісу — бабалардың аманаты» атты мерекелік шара өтті

14 наурыз күні Жезқазған қаласындағы «Жігер» спорт кешенінде Амал мерекесіне арналған «Көрісу — бабалардың аманаты» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – қазақ халқының көне дәстүрлерінің бірі саналатын Көрісу күнінің мән-маңызын насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу.

Мерекелік бағдарлама қазақы дәстүрге негізделген театрландырылған көрініспен басталды. Сахнада қазақ үйдің көрінісі қойылып, ауыл тіршілігі бейнеленді. Жастар үлкендерге қос қолдап амандасып, «Бір жасыңызбен!» деп ізгі тілектерін білдірді. Көрініс барысында Көрісу күнінің тарихы мен мағынасы, ағайын арасындағы сыйластық пен татулықтың маңызы көрерменге әсерлі түрде жеткізілді.

Шара барысында халық әндері орындалып, ұлттық дәстүрлерге негізделген шығармашылық нөмірлер ұсынылды. Әсіресе «Гүлдерайым», «Туған жер», «Атамекен», «Шақырады көктем» сияқты әндер көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар №8 гимназия оқушыларының «Асық» биі көрерменнің ықыласына бөленді.

Іс-шараға жиналған қауымды Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Жұманазарқызы Ақылбекова құттықтап, Көрісу күнінің халықты бірлікке, татулыққа үндейтін ерекше мереке екенін атап өтті.

Мерекелік бағдарламаның тағы бір тағылымды тұсы – ақсақалдың батасы болды. Ақсақалдар жастарға ақ тілегін арнап, елдің амандығы мен берекесін тіледі.

Шара барысында Жезқазған музыкалық колледжінің актерлік бөлім студенттері ұлттық дәстүрді бейнелейтін көрініс ұсынып, филармония әншілері өнер көрсетті.

Көрісу күні – қыстан аман шыққан халықтың бір-бірімен қауышып, өкпе-ренішті ұмытып, жаңа жылды ақ ниетпен қарсы алатын ерекше мереке. Осындай тағылымы мол іс-шаралар ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, қоғамдағы бірлік пен сыйластықты нығайтуға ықпал етеді.