Ұлытау облысының әкімі Қаражал қаласы, Жәйрем кенті және Жаңаарқа ауданына жұмыс сапарымен барды.
Жұмыс сапары барысында Жәйрем кентінде 60 пәтерлі жаңа көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Өңір басшысы жаңа баспананың кілттерін дәрігерлер мен «КазЦинк» АҚ қызметкерлеріне табыстады. Аталған тұрғын үй — Жәйрем кентінде Кеңес дәуірінен кейін, соңғы 40 жыл ішінде салынған алғашқы көпқабатты тұрғын үй болып табылады.
Сонымен қатар Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешені, ал Ералиев ауылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынған ангар үлгісіндегі спорт нысаны ел игілігіне берілді. Облыс әкімі бұл жобалар Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жүйелі саясатының нақты нәтижесі екенін атап өтті.
Сапар аясында өңір басшысы Жаңаарқа ауданы мен Қаражал қаласындағы ауруханаларда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын бақылап, құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуына қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұдан бөлек, облыс әкімі Манадыр ауылындағы 80 орындық жаңа мектептің және Ералиев ауылындағы электр желілерінің құрылыс барысымен танысты. Құрылыс талаптарының қатаң сақталуы қажеттігін атап өтіп, жауапты тұлғаларға бірқатар міндеттер жүктеді.
Сонымен қатар Жәйрем тау-кен комбинатының және Жаңаарқа ауданы Полиция бөліміндегі жаңартылған жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отырған еңбек ұжымдарына сәттілік тіледі.
