Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайдың алғашқы отырысындағы тапсырмасына сәйкес, Ұлытау ауданындағы Әулиетаудың етегінде ашылған алаңның жалпы аумағы үш гектарды құрайды. ҚР Конституциясы күнінің қарсаңында ел игілігіне берілген нысанда биіктігі 22 метр болатын Мемлекеттік Ту, тұғыртаста Елтаңба, Әнұран бейнеленсе, «Тәуелсіз Қазақстан», «Қазақ хандығы», «Түрік Қағанаты», «Алтын Орда» барельефті қабырғалары, 99 рудың белгісі қашалған «Таңбалы тас» орнатылған.
Ашылу салтанатына қатысқан Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы алаңның ұлт деңгейіндегі маңызына тоқталды.
«Өздеріңіз білетіндей, 2022 жылы Ұлттық Құрылтайдың алғашқы отырысы біздің облыста өтті, алқалы жиында Ел Президенті қасиетті өңірдегі арнайы орында көк байрағымыздың желбіреп тұруын тапсырған болатын. Маңызды жобаның құрылысы былтыр күзде басталып, ұдайы қадағалауда болды. Бүгін міне, мереке қарсаңында ашылып отыр. Рәміздер алаңы ұрпақ қастер тұтатын орынға айналсын» – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Айта кетейік, Рәміздер алаңының скульпторы – елімізге белгілі суретші-монументші Ғазиз Ешкенов. Жоба авторының айтуынша, бұл – «Таңбалы тас» орнатылған еліміздегі тұңғыш алаң.