Жезқазғанда бес дүркін әлем чемпионы, гроссмейстер Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясының филиалы жұмысын бастады.
Аталған филиал еліміздегі ең үлкен академия атанып отыр. Ғимараттың жалпы ауданы 900 шаршы метр. Мұнда облыстың 5-18 жас аралығындағы 1000-ға жуық жас шахматшысы білім алады.
«Елімізде 8 мыңнан астам шахмат үйірмелері жұмыс істейді. 270 мыңнан астам бала шахматпен айналысады. Жансаяның өзі халықаралық гроссмейстер. Әлемдік аренада топ жарып, өзінің спорттағы жолынан бөлек, балаларды спортқа баулып, оларға жол ашып жатыр. Келешекте осындай академиялардан әлемдік додаларды бағындыратын спортшылардың өсіп шығатынына сенімдімін», – деді шараға қатысқан Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Жезқазғандағы шахмат академиясы Қазақмыс корпорациясы мен Ұлытау облысы әкімдігі арасындағы меморандум аясында салынған. Бұл елімізде спорт пен білім беруді дамыту үшін бизнес пен мемлекеттік ұйымдар арасында ынтымақтастықтың маңызды екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, академияның ашылуы аясында «KAZAKHMYS YOUTH TEAM CHESS CUP» атты алғашқы халықаралық балалар командалық турнирі ұйымдастырылды. Бұл жарысқа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Моңғолиядан келген 100-ден астам жас шахматшы қатысты.