«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Ұлытау облысы Жезқазған қаласында заманауи «CK-NAMYS» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясының құрылысы аяқталды. Өңірге жұмыс сапарымен барған ҚР Мәжілісінің депутаттары Аманжол Әлтай мен Ерболат Сатыбалды спорт мектебінің жұмысымен танысты.
Құрылысы 2023 жылы басталған нысанға 4 млрд теңге инвестиция салынды. Спорт мектебі 200-ге жуық 10 жас пен 16 жас аралығындағы баланы кәсіби спортқа дайындайды. Қазіргі таңда Ұлытау облысының Ұлытау, Жаңаарқа аудандарынан, Сәтбаев қаласынан және Қостанай облысының Арқалық қаласынан 152 бала іріктеліп алынды. Академияның ерекшелігі – кәсіби спорт пен сапалы дайындықты ұштастыруында. Жас спортшылардың білім алу бағдарламасы кешенге жақын орналасқан Жезқазған қаласындағы №24 ЖББМ бірлесіп жүзеге асырылады, тәрбиеленушілер сол жерде білім алып, оқуларын жалғастырады.



«Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасы бар. Биыл Ұлытау облысында бірнеше спорт нысаны ашылды. «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен салынған «Намыс» спорт мектебін көріп, қуанып тұрмыз. Нысан өте сапалы салынған, құрылысы толық аяқталған. Қазір ауыл-аудан, қалалардан спортқа бейімі бар балаларды қабылдау бойынша құжат рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндай бастамалар балалардың салауатты өмір салтын ұстануына үлкен серпін береді. Осы жерден ертеңгі әлем чемпиондары шығарына сенеміз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалды.

Спорт нысанында мамандандырылған күрес және жаттығу залдары, 150 көрерменге арналған мінбері, әмбебап ойын залы, би залдары, 150 орындық жайлы, заманауи жатақхана және асханасы бар. Балаларға жататын орын, тамақтану және спорттық киім-кешек тегін беріледі.

«CK-NAMYS» академиясының іске қосылуы болашағынан үміт күттіретін спортшыларды анықтап қана қоймай, Жезқазғанда ұлттық және халықаралық деңгейдегі жарыс өткізуге мүмкіндік береді. Бұл кешен балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға және өндірістік аймақтарда заманауи инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды әлеуметтік нысан.

Айта кету керек партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Ұлытау облысында 2025 жылы Жезқазған қаласында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС қолдауымен «Жігер» денешынықтыру-сауықтыру кешені, Жезді кентінде және Жаңаарқа ауданында денешынықтыру-сауықтыру кешендері, Қаражал қаласында жабық жүзу бассейні ашылды. Биыл «СК-Намыс» және «Ескек есу» спортына арналған кешен пайдалануға беріледі. Сондай-ақ биыл Қаражал қаласында хоккей корты, Ұлытау ауданында 25 метрлік бассейн, Кеңгір ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылады деп жоспарлануда.
