Бүгін облыс орталығы – Жезқазған қаласында тұңғыш көтерме-тарату орталығы ашылды. Оның пайдалануға берілу рәсіміне облыс әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, облыстық мәслихаттың хатшысы Бауыржан ШЫҢҒЫСОВ, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Көңілге қонымды іске «ULY DALA» ЖШС мен «К Ютария Ltd» ӨИК» ЖШС бастамашы болды. Орталықтың аумағы 2 500 шаршы метрді құрайды.
– Жердің шалғайлығы мен қатынастың қиындығына байланысты біздің аймақта азық-түлік нарығындағы жағдай біршама қиындық туғызып келді. Соған қарамастан, жергілікті билік бұл мәселенің оң шешімін табуына қашан да мүдделілік танытып, қажетті шараларды қабылдаумен келеді. Жаңадан ашылғалы отырған көтерме-тарату орталығы облысымыздағы елді-мекендерге азық-түлікті үздіксіз жеткізу мен бағаның шарықтамауына оң әсерін тигізеді деп сенемін. Орталықтың заман талабына сай құралдармен жабдықталуы, білікті мамандармен жасақталуы нарықтағы әділ бәсекелестік пен сауда мәдениетінің жаңа деңгейін қалыптастырары сөзсіз, – деді Берік Әбдіғалиұлы нысанның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
Жаңа логистикалық оператор толыққанды инфрақұрылымға ие, тоңазытқыш камералармен, паллет фронтальды және тауарларды (ет, көкөніс және бакалея) сақтауға арналған орташа жүк стеллаждарымен жабдықталған заманауи терминалдармен жабдықталған.
Орталық азық-түлік тауарларын сақтауға және жинақтауға, соның негізінде айына 1 150 тонна көлемінде көтерме сауда ұйымдастыруға мүмкіндік береді, жылына бұл көрсеткіш 13 800 тоннаны, оның ішінде 350 тонна етті құрайды. Нысан қаланың кәсіпкерлері мен сауда нүктелеріне ет, бакалея өнімдерін сақтау бойынша қызмет көрсетеді.
Бұл көлем өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, халықты 1,5-2 ай бойы азық-түлік өнімдерімен және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз ету үшін Ұлытау облысының сауда желілері мен тамақтану кәсіпорындарына азық-түлік өнімдерін үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етеді.
Жобаны жүзеге асыру аясында жаңа 55 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.