«Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді. Дана халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Жаңа жылды жақсы ниетпен, пайдалы іспен бастау – талайдан қалыптасқан дәстүр. Бұл күні қонақжай жұртымыз ақ дастарқан жайып, бір-біріне ақжарма тілектерін айтады. Бұлақтың көзін ашып, тал егеді, тазалыққа баса мән береді. Наурыз мерекесінде халқымыздың асыл қасиеттері мен құндылықтары түгел көрініс тапқан. Биыл Ұлыстың ұлы күні Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ жеріндегі дін мен дәстүрдің үйлесімі дәл осы кезде айқын көрінеді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Наурыз – Жер-Ананың ұйқысынан оянып, жақсылық пен құт-берекенің көзі ашылған күн. Наурыз — ел мен елді бірлікке, достыққа ұмтылдырған Ұлы күн. Наурыз – іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі. Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы, Наурыз мейрамы биыл да қазыналы қаламызда өте жоғары деңгейде аталып өтті. Биылғы жылдың жаңа жыл бастауы өткен жылға қарағанда өзгерек. Неге десеңіз, жаңа қабылданған тұжырымдамаға сәйкес, «Наурызнаманың» әр күні жекелеген тақырыптар мен құндылықтарға бөлінді. Жеке-жеке аталып өтілетін әр күннің мән-мағынасы қазақ халқының, Қазақстан қоғамының мәдениеті мен дәстүр-салтын, әдет-ғұрпы мен қоғамдық құндылықтарын айшықтады. Әрбір қаражалдық, әсіресе мекеме қызметкерлері белсенді түрде атсалысып, әу бастан жұмыс орындарын наурыз нақыштарымен әрлеп, қызметкерлер ұлттық оюмен өрнектелген киімдермен жұмыстарын атқарды.
тіршіліктен қолы босамайтын ағайындар асарда кезігіп, мəре-сəре болады. Кейінгі жылдары бұл дəстүр ұмыт қалып барады. Қайта жаңғырту мақсатында дәл осы күнді белгілепті. Бұл күні мекеме жұмысшылары, жеке кәсіпкерлер көпбалалы отбасы, аз қамтылған отбасы, жалғызбасты аналар мен ерекше күтім қажет ететін жандардың үйіне барып, қайырымдылық танытты.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналып, өңір бойынша түрлі іс-шаралар өткізіліп жатты.
Мейрамның кезекті күні – «Шаңырақ». Өздеріңізге мəлім, қазақ халқы үшін шаңырақ – киелі ұғым. Үлкен үйді «қара шаңырақ» деп атап, оны ерекше құрметтеген. Бүгінде шаңырақ Қазақстанның ұлттық Елтаңбасында көрініс тапқан. Халқымыздағы «шаңырақ көтерді» деп жас жұбайларға қатысты, «шаңырағы шайқалды» деп қиын жағдайға байланысты айтуы да бекерден-бекер емес.
Сонымен қатар, 18 наурыз – Ұлттық киім күні ретінде белгіленгенін естіп қатты қуандық. Кейінгі жылдары жастардың ұлттық ерекшелігімізді көрсететін киім үлгілеріне қызығушылығы артқаны анық байқалады. Отандық өнімдерді кигендер көшеде де жиі кездеседі. Заманауи үлгідегі тақиялар, бешпенттер мен оюлы киімдер сəнге айналып келеді. Ендеше, ұлттық киімдерді ұлықтау арқылы мəдениетіміз бен ұлттық бірегейлігімізді паш етуге мүмкіндік мол. Кейінгі үрдістерге қарап отырып, мұны уақыт талабы десек те қателеспейтініміз анық. Бұл күнге орай аймақ жастары желі арқылы ұлттық киімдерді таныстырып, түрлі челлендждер жүргізілді.
Бұдан бөлек, 19 наурыз — Жаңару күні. 20 наурыз — Ұлттық спорт күні. Бұл күні де аймағымызда, оның ішінде білім ошақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылды.
21 наурыз – Ынтымақ күні. Оның басты мақсаты – жалпы халық арасында бір-біріне деген сый-құрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.
Ал ең бастысы 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні қаламызда дүркіреген той болды десем артық емес. Үлкен масштабтағы мереке болғандықтан қаламыздың мәдени-сауық орталығының іші де, сырты да адамға лық толы. Сахнасы да бір босамады. Ең алдымен өңір басшысы Айқын Елеусізов сахна төріне көтеріліп, халықты Ұлық мейраммен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Іле-шала қаламыздың мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен «Ырысты болсын Жаңа жыл!» атты концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Сондай-ақ, бұл күні еліміздің барлық өңірінде мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылды. Айта кетсек, барлық мемлекеттік мекемелер мен білім ошақтары киіз үй құрып, барша қала тұрғындарын қонақ етті. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер орталық алаңда наурыз-көже, бауырсақ, қазан-қазан палау және тағы басқа да ұлттық тағамдармен Наурыз мерекесін тойлауға келген дүйім жұртты қарық қылды.
Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Тәтті бауырсақ» атты байқау өтті. Оған атсалысқан барша нәзікжандыларды, яғни Іңкәр Әнуарова, Камила Аринова және Эльмира Жамауованы сыйсыз қалдырмай, ақшалай сертификаттарын табыстады.
Қаражал қаласының спорт бөлімі де қалыс қалмай бірнеше сайыстарды өткізді. Қазақ күресі бойынша 70 және +70 келі салмақ дәрежесінде қалалық турнир өткен болатын. 70 келі салмақ дәрежесі бойынша Медет Ұзақбай нағыз палуан екенін дәлелдеп, жеңімпаз атанды. Мамырай Толиханов 2 орын иеленсе, Бауыржан Тиыштықбаев 3 орынды қанағат тұтты. Ал, +70 келі салмақ дәрежесінің жеңімпазы Е.Барлыбаев атанды. 2 орын А.Абдыхалықовқа бұйырыпты. Ал, 3 орынды К.Хамзин иеленді.
Наурыз мейрамына арналған асық атудан қалалық турнир де өз жеңімпазын анықтады. М.Арынғазы мергендігін дәлелдеп 1 орынды иеленді. Ал С.Темірболат 2 орын алса, Б.Бейбітұлы 3 орынға мәз болысты. Сондай-ақ, қол күрестен В.Шевцов 1 орынды иеленді. М.Сембек 2 орынға табан тіресе, 3 орынды Е.Какимов алды.
Спортшылар арасында кір тасын көтерушілер де аз емес екен. Қ.Хамзин белсенділік танытып, жеңімпаз атанды. Ал, Н.Оралбаев 2 орынды иеленді. 3 орынды Қ.Бейсенов місе тұтты. Сондай-ақ, садақ атудан Е.Аманжанов 1 орынды, Е.Сембек 2 орынды, Д.Жетімек 3 орынды иеленді. Ал ләңгі тебуден 1 орынды Қ.Еркін алса, 2 орын Д.Жетімекке, 3 орын Е.Аманжановқа бұйырды.
Сонымен қатар, арқан тартыстан да білекті жігіттер қалыс қалмады. «Сабыр» тобы мықты екендерін дәлелдеп 1 орынды қанжығаға байлады. Ал «Кармет» тобы 2 орынды иеленсе, «Қайсар» тобы 3 орынды місе тұтты. Осылайша спорттық мерекелік іс-шаралар да өз деңгейінде тәмамдалды. Міне, осылай орталық алаңның той-думаны жоғары деңгейде тойланып, халық асыр салып, Жаңа жылымыздың сәнін концерттік бағдарлама одан әрі шырайын кіргізді. Қаламыздың небір жезтаңдай әншілері, мың бұралған бишілер мен күмбірлеген домбыра үні тал бойыңды балқытып, ерекше сезімге бөлей берді.
Осы ретте Шалғия кентінің тұрғындары да Наурыз мейрамын өз ауылдарында жоғары деңгейде атап өтті десек болады. Айта кестек, «Ulytau Gold Processing» ЖШС аянбай өздерінің үлесін қосты. Мерекелік дастарханға палау, наурыз көже, ет асып алып келіп, 20 отбасыға естелік сыйлықтарын табыстады.
Ең соңғы «Наурызнама» күнтізбесіне сәйкес 23 наурыз — Тазару күні. Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды тұтас ел болып, жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде етіп жарияланады. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтті.
Наурыз — көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болуымен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбелейтін ұлттық мейрамымыз. Жыл басы, Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында киіз үйде отырып ақ тілек тілеп, Наурыз көжеден дәм татып, кішіге өнеге көрсету қашаннан келе жатқан ұлттық болмысты айқындайтын бір белгі сияқты. Наурыз мерекесі тек қана тарихымызда зор орын алып қана қоймай, құт-береке алып келетін ұлы мереке.
Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!