Биыл қазақтың ұлы ойшылы, ақыны һәм ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы тарихта тұңғыш рет онкүндік форматында аталып өтті. Бұл мереке – қазақ халқының рухани қазынасын дәріптеп қана қоймай, оның әлемдік мәдениетке қосқан үлесін айшықтаған ауқымды мәдени оқиға болды.
Он күн ішінде республикалық, халықаралық және өңірлік деңгейде 100-ден астам іс-шара өтті. Оның ішінде 70-тен астам мәдени бағдарлама, 25 концерт, 10 театрландырылған қойылым, 8 көрме мен фестиваль, 5 спорттық жарыс, республикалық және халықаралық деңгейдегі бірнеше шығармашылық жоба өзіндік ерекшеліктерімен есте қаларлықтай болды.
Бұл шараларға 50 мыңнан астам көрермен мен қатысушы жиналды. 15 елден келген делегациялар, өнер иелері, жастар және БАҚ өкілдері мерекенің көркін арттырды. Мерекелік онкүндік Семей қаласында салтанатты түрде ашылып, Абайдың кіндік қаны тамған Қарауыл ауылында «Абай күні» мерекесімен қорытындыланды.
Бағдарлама шеңберінде «Артық ғылым кітапта» күні аясында «ABAI AKADEMIASY» энциклопедиялық порталының тұсаукесері өтіп, этноауыл мен қолөнер шеберлерінің «Асыл мұра» фестивалі ұйымдастырылды. Халықаралық жас ақындар мүшәйрасы, республикалық айтыс, «Абай. Уақыт. Өнер» көрмесі көпшіліктің назарын аударды.
Ш. Әбіловтің монооперасы, «Құнанбай» фильмінің көрсетілімі, «Абай жолы» энциклопедиясының таныстырылымы көрермендерге жол тартты. Мерейтойға Ұлытау облысынан да арнайы делегация барып, ел қуанышын бөлісті. Жолдың сапасы, инфрақұрылымның дамуы, көрермен ықыласы – бәрі де әсерлі болды.
Айтыс өткен театр залы лық толып, орын жетпегендер еденге отырып тамашалады. Бұл – өнерге деген шынайы құрметтің белгісі. Семей жұртының облыс әкімі Берік Уәлиге деген ыстық ықыласы да көзге түсті. Бұл – халық сенімі мен адал еңбектің нәтижесі.
Делегация мүшелері мерекеден бұрын Абайдың туған ауылына барып, ақынның тұрмыстық заттары мен тұрған үйін көріп, тарихи тағылым алды. Мерекелік жүлделер бюджеттен емес, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен берілді. Әр өңір Семейге рухани-мәдени нысан тарту етті, мәдениет үйі, спорт кешені, кітапхана салу бастамалары қолға алынды. Семейдің көне архитектурасы мен табиғаты, қонақжай халқы – мерекенің ажарын аша түсті.
Ұлы тойдың шарықтау сәті 10 тамыз – Абай күні – мерекенің ең биік шыңы болды. Бұл күні Абайдың туған жерінде Құран бағышталып, ескерткішіне гүл қойылды. «Бала Абайдан дана Абайға» қойылымы сахналанды, «Желсіз түнде жарық ай» гала-концерті өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған құттықтау хатта Абайды «әлемдік деңгейдегі кемеңгер» деп атап, оның өсиеттерінің мәңгілік рухани азық екенін айтты.
Мерекеде бірқатар ауқымды жобалар жарияланды. «Абай-Шәкәрім» кесенесі жанында 60 гектарлық «Этно ауыл Жидебай» кешенін салу, Қарауылтөбеде биік әрі мазмұнды «Абай елі» стеласының ашылуы, оның төрт тұғыры – қалам, қалқан, домбыра және бесік – ақын мұрасы мен қазақ болмысын бейнеледі.
Ұлттық спорт – мерекенің айрықша бөлігі болды. «Жеті қазына» фестивалі аясында өткен аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарысы, қазақ күресі, тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт ойындары өз жанкүйерлерінің делебесін қоздырды. Бұл күні елімізде тұңғыш рет 180 шақырымдық ультрамарафон өтті. Жеңімпаздарға 90 жылқы мен 10 автокөлік сыйға тартылды.
Абайдың 180 жылдығы тек мерекелік дата ғана емес. Бұл – елдің рухани бірлігін нығайтқан, Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» өсиетін кеңінен насихаттаған тарихи оқиға. Жастарға ақынның философиясын танытып, мұрасын әлемдік деңгейде дәріптеу – осы онкүндіктің ең үлкен жетістігі.
Абайды ұлықтау – ұрпақ санасына ізгілік пен парасат дәнін себу. Бұл мереке – ұлт рухының мәңгілік шамшырағы болып қала береді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ