Білім – ел болашағының іргетасы. Ал сол іргетасты қаласатын – ұстаз. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен жан-дүниенің тазалығын талап ететін өмірлік миссия. Осындай қасиетті жолды таңдаған, өмірін бала тәрбиесіне арнаған Гүлжазира Ахатова – Жәйрем кентіндегі № 30 орта мектебінің ұлағатты ұстазы, білім саласының ардагері, шәкірт жүрегінен орын алған тұлға.
Гүлжазира Ізтелеуқызы 1993 жылы Ақмола педагогикалық училищесін тәмамдап, жас маман ретінде Жәйремдегі № 30 мектепке жұмысқа орналасқан. Сол күннен бастап, 32 жыл бойы осы білім ордасында табанды еңбек етіп келеді. Бұл – бір адамның өміріндегі үлкен белес, бір мектептің тарихындағы алтын әріппен жазылатын кезең.
2004 жылы Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде «Бастауыш сыныптағы оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша білімін жетілдіріп, кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтерді. Білімі жоғары, мұғалім-зерттеуші ретінде бастауыш сынып оқыту әдістемесін терең меңгеріп, оны тәжірибеде тиімді қолдана білді.
Ұстаздың күнделікті сабағы – шығармашылық ізденістің алаңы. Гүлжазира Ізтелеуқызы әр сабағын көрнекі құралдармен, қосымша материалдармен байытып, оқушылардың танымдық қабілетін арттыруға бағыттайды. Жаңа технологияларды меңгеріп, оларды сабақтарында сәтті қолдана біледі. Әрбір оқушының қабілетіне қарай жеке тәсіл қолдану – оның басты қағидаты.
Жас мамандарға бағытбағдар беріп, тәжірибесімен бөлісу – ұстаздың тағы бір маңызды миссиясы. Жыл сайын өткізілетін ашық сабақтарына жас мамандар қатысып, үлгі алады. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.
Гүлжазира Ізтелеуқызының шәкірттері жыл сайын республикалық, қалалық деңгейдегі түрлі байқаулар мен олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Нақтырақ тоқталсақ, «Дарабоз» оқу орталығы ұйымдастырған «Оқушының ғылыми жұмысы» байқауында Айша Түскенова І орынға ие болса, «Жарқын болашақ» шығармашылық байқауында Үміт Байдалиева ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Аманжол Мұстафа «Алтын сақа» олимпиадасының облыстық кезеңінен ІІІ орын алса, «Абай» пәндік олимпиадасында шәкірттері жүлделі орындарға ие болып, халықаралық тілдерді дамыту орталығы ұйымдастырған жалпы пәндер олимпиадасында 2-сынып оқушылары жеңімпаз атанды.
Ұстаздың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол бірнеше мәрте түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Мысалы, «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» блиц-турнирінен І орын алса, «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасының жүлдегері атанды. Қаражал қаласы білім бөлімінің мадақтамасын, Жәйрем кенті әкімінің Алғыс хатын, Ұлытау облысы білім басқармасының мадақтамасын, Ұлытау облысы білім басқармасының Алғыс хатын иеленген.
2022 жылы «Жетекші мектеп» жобасы аясында № 10 мектепке, ал 2023 жылы облыс көлемінде сабақ беріп, тәжірибе тарату ісіне белсене атсалысты. Бұл – ұстаздың кәсіби беделінің, әдістемелік шеберлігінің айқын дәлелі.
Гүлжазира Ізтелеуқызы – тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар, шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген, ата-аналар мен әріптестердің құрметіне бөленген, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ұлағатты ұстаз. Оның өмір жолы – жас мамандарға үлгі, шәкірттерге өнеге.
Бүгінгі қоғамға білімді, тәрбиелі, рухани бай ұрпақ қажет. Осындай ұрпақты тәрбиелеуде Гүлжазира Ізтелеуқызы сынды ұстаздардың еңбегі – баға жетпес байлық. Ол – ұрпақ тәрбиесінің тірегі, ел болашағының шамшырағы.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.