Ұлт болашағы — ананың қолында

Сәрсенбі күні облыс орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ананың рөлі: салауаттылық пен ұрпақ қамы» атты облыстық форум өтті. Іс-шараға Ұлытау облысының барлық қала, ауданынан белсенді аналар, сала мамандары, педагогтар, көпбалалы аналар мен қоғам белсенділері қатысты.

Форум шымылдығы аналар қолынан шыққан ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесімен ашылды. Бұл көрме – ұлттық тәрбие мен ұрпақтың эстетикалық дүниетанымын қалыптастырудың жарқын үлгісі ретінде бағаланды. Аталған көрмеге қатысқан шебер-аналар қатарында Қаражал-Жәйрем өңірінен ұстаз Ізтай Ержан, «Dara brand» тігін ательесінің директоры Дарайым Қуатова, сондай-ақ, балаларды дамыту орталығының директоры, ұстаз Қарлығаш Шәкенова болды.

Олар өз қолымен жасаған бұйымдарын ұсынып, ұлттық өнерді ұрпақ тәрбиесіне дәнекер етудің маңызын көрсетті. Ұстаз Қарлығаш Шәкенова форум барысында ерекше қажеттіліктері бар балаларды дамытуда қолөнердің рөліне тоқталып, бұл тәсілдің баланың шығармашылығын дамытып қана қоймай, олардың психологиялық күйіне оң әсер ететінін атап өтті.

Медицина саласының өкілдері ана мен бала денсаулығына қатысты маңызды мәселелерді көтеріп, болашақ ұрпақ саулығының негізі – ананың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауында екенін жеткізді. Жас аналарға босанғаннан кейінгі күтім, жүйелі тексерулер мен дәрумен жетіспеушілігінің алдын алу туралы нақты ұсыныстар айтылды.

Форумда спикер ретінде сөз сөйлеген Жәйрем кентіндегі № 10 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, көпбалалы ана Үмітгүл Ташаева қазіргі қоғамда аналар рөлінің ерекше екеніне тоқталып, аналардың белсенділігін арттыруға бағытталған бастамаларға қолдау білдірді. – Салауатты ұрпақ – ел болашағы. Бала тәрбиесі – тек ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Мұндай кездесулер аналардың бір-бірінен тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар мен тың көзқарастардың қалыптасуына себеп болады, – деді Үмітгүл Еркінқызы.

Алқалы жиынға қатысқан Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы, қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Зәмзагүл Оспанова бізбен әңгімесінде форумда қозғалған мәселелердің өзектілігіне тоқталып, жастар арасындағы ұлттық тәрбиеге көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. – Форумда дәрігер мамандар өзекті мәселелерге тоқталды. Тәрбие, ұлттық құндылықтар турасында терең ойлар айтылды. Осындай ортада жас аналар да болуы керек. Себебі, олар көріпестіп, үлгі алуы тиіс. Көпбалалы, үлгілі отбасылардың аналарынан үйренеріміз көп. Өкінішке қарай, кейбір жас аналар ұлттық құндылықтардан гөрі шетелдік жеңіл тәрбиеге еліктеуге бейім. Сондықтан, осындай кездесулер – ұлттық тәрбиенің мектебі, – дейді Зәмзагүл Қажымұқанқызы.

Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Гүлбану Сейтжанова форум барысында көтерілген бастамалардың рухани және әлеуметтік маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Аналар кеңесінің мұндай іс-шаралары – қоғамдағы өзекті мәселелерге деген азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.

Форум соңында белсенді қатысушыларға Алғыс хаттар мен марапаттар табысталып, келешекте де осындай мазмұнды кездесулер жалғасатыны айтылды.

«Ананың рөлі – салауаттылық пен ұрпақ қамы» атты форум – аналардың қоғамдағы орнын, олардың тәрбиедегі үлесін айшықтаған мазмұнды алаң болды. Ұлттық құндылыққа негізделген саналы ұрпақ тәрбиелеуде аналар қауымының рөлі – баға жетпес.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.