Әлеуметтік сала – өндірістегі ең өзекті бағыт

Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтеді. Əлеуметтік сала – еліміздегі ең өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда қоғамда болып жатқан оқиғалардың дені осы əлеуметтік мəселе төңірегінде туындап жататыны шындық. Әлеуметтік саланың міндеті адамзаттың барлық өміріне араласатын, қал-жағдайының жақсаруы мен қолайлы өмір сүруі, мүмкіндіктері шектелмей, ештеңеден зарықпай, тарықпай, толыққанды өмір сүрулеріне ықпал ету деп білемін. Осындай бағытта еңбек етіп отырған бір ұжым біздің «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да бар. Ол әлеуметтік қолдау бөлімі.

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да әлеуметтік сала бағытында атқарылатын жұмыстар өте зор. О баста әлеуметтік инфрақұрылым бөлімі болып құрылған бөлім кейіннен Әлеуметтік қолдау бөлімі болып атауын өзгертті. Аталған бөлімді Ақтоты Жазыбекова басқарады.

Әлеуметтік қолдау бөлімі «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ ішінде болғандықтан оның басты ұстанымы да сол комбинаттың әлеуметтік мәселесі.

Әлеуметтік қолдау бөлімінің басты мақсаты – комбинат жұмыскерлеріне салауатты өмір салтын ұстану, дәстүрлерді дамыту және жалғастыру мәселелері бойынша идеялық тәрбие беру, Корпоративтік мәдениетті қалыптастыру және дамыту, комбинат жұмыскерлерінің Корпоративтік мәдениетін қалыптастырып, дамыту, жұмыскерлердің негізгі әлеуметтік қажеттіліктері мен көкейтесті мәселелерін зерделеп, танып біліп, оларды шешу бойынша бағдарламалар жасау, әлеуметтік бағдарламалар мен жобалардың орындалуы бойынша жұмыстар ұйымдастыру, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара ынтымақтастықта жұмыс істеу, комбинат жұмыскерлерінің тамақтануының сапасын бақылау, жетілдіру бойынша мердігер ұйымдармен жұмыс істеу, әлеуметтік инфрақұрылым бойынша мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастықта жұмыс істеу, комбинат нысандарында әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды қамтамасыз ету үшін іс-шараларды жүзеге асыру.

Комбинаттағы шамамен екі мыңнан астам жұмыскерлерге әлеуметтік қолдау көрсететін бөлім комбинаттың мердігер ұйымдары «Пицца-блюз» ЖШС, «ТехЭкспертСервис» ЖШС-мен, жергілікті, қалалық, облыстық әкімдіктермен де тығыз байланыста еңбек етеді.

Жалпы, комбинаттағы 14 бөлімшеде бірнеше ауысыммен еңбек ететін өндірісшілердің қоғамдық тамақтандыру орындарының талапқа сай болуы, қабылдайтын астарының құнарлы және сапалы, дәмді болуына, жұмысқа баратын, жұмысқа қайтатын көліктердің таза әрі ыңғайлы болуына, жеке арнайы жұмыс киімдерінің денеге қонымды және атқаратын жұмысына дәл болуына, жұмыс орындарының уақытылы тазартылып, ұқыптылықта ұсталуына, жеке гигиеналық тазалықтың ұсталуына жағдайдың жасалуына бақылау жасауды осы әлеуметтік қолдау бөлімі атқарады.

Күнделікті ағымдағы жұмыстардан бөлек әлеуметтік қолдау бөлімінің міндетіне комбинатқа келген қонақтарды күтіп алып, шығарып салу да кіреді. Өндірісімізге еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелдерден де қонақтар көп келеді. Олардың бірі тексеру жұмыстарымен келсе, енді бірі тәжірибе алмасуға, енді бірі жұмыс істеуге келіп жатады. Солардың бәрінің Жәйрем комбинатынан жақсы әсермен қайтуы үшін әлеуметтік бөлім бар жағдайды жасап, көңілдерін тауып жүр.

Жергілікті әкімдікпен бірлесе, кенттегі көптеген әлеуметтік мәселелерге де көп көңіл бөлініп, арнайы санаттағы жандармен жұмыстың да бір шоғыры осы бөлімнің мойнында. Кентіміздегі мүмкіндігі шектеулі балалар, аз қамтылған отбасылар, жалғыз басты қарт-қарияларға берілетін көмекке «Казцинк» компаниясының да қатысуын қамтамасыз етіп, өте жоғары деңгейде ұйымдастырып отырады.

Еліміздегі атаулы мерекелердің ішінде Жәйрем өндірісіне қатысы бар мерекелерді де ұйымдастырып, әсіресе Металлургтер күнін, Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамын, Жаңа жылды жоғары деңгейде өткізуге бар күштерін салады.

Өндірісшілердің арасында денсаулықтарына байланысты ем-дом алып келген жандарға берілетін материалдық көмектің де жік-жігін шағатын осы бөлімнің мамандары.

Жоғарыда атап өткен қаншама еңбектерінің бағыты кәсіподақ ұйымының жұмыс бағытына сәйкес келіп жататындықтан бұл бөлім «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымымен өте тығыз байланыста жұмыс істейді. Жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы дәнекер болып табылатын Кәсіподақ ұйымының басты жұмыс құжаты болып табылатын Ұжымдық Келісімшартта қарастырылған барлық шарттардың орындалуына да араласатын осы ұжым.

Комбинаттың ең маңызды бөлімі әлеуметтік қолдау бөлімінің жұмысын дөңгелетіп отырған басшысы Ақтоты Жазыбековадан бөлек Оксана Голубинская және Нейля Татлыева есімді екі маманы бар. Үшеуі де өте жаңашыл, позитивті жандар.

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ еңбеккерлерінің бар әлеуметтік жағдайына жауапты бөлім мамандарын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Еңбектері табысты болып, атқарған қызметтеріне еңбеккерлер риза бола берсін! Комбинатымыз өркендеп, әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие өнімдерді шығарып, әлеуметтік жағдайымыз жоғарғы деңгейде болсын!

Әлеуметтік жағдайымыздың тұрақты және халыққа қолайлы болуына жағдай жасап отырған «Казцинк» компаниясына жарқын болашақ тілейміз.

Әлеуметтік сала жақсы жұмыс істесе, жұмыскерлердің де жағдайы жаман болмасы анық.  Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ

Бастауыш Кәсіподақ  ұйымы төрағасының

орынбасары.