Жаңаарқа ауданының көпсалалы орталық аудандық ауруханасында тұңғыш рет лапароскопиялық ота жасалды. Бұл заманауи әдісті операция – аппендицитпен түскен азаматқа сәтті өткен. Науқастың қазіргі жағдайы тұрақты.
Жаңаарқа ауданындағы бұл емдеу мекемесі еліміздегі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жаңғыртылып, ауданаралық көпсалалы орталық аудандық аурухана болып қайта құрылатын 32 орталық аудандық аурухананың бірі. Жаңа статус алғаннан кейін аталмыш аурухана «Алтын сағат» қағидаты бойынша инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде толық көлемде шұғыл медициналық көмек көрсетуді, сондай-ақ, қалалық, облыстық клиникаларға бармай-ақ мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті пайдалануға жағдай жасауды көздейтін үлкен дайындық жұмыстары басталған-ды. Ел игілігі үшін жасалған оң өзгеріс ауыз толтырып айтарлық нәтижелерге жол ашуда.
Тамыз айының басында аудандық ауруханада алғаш рет жедел аппендицитпен ауырып түскен науқасқа лапароскопиялық аппендэктомия операциясы жасалды. Жаңаарқа хирургтері мұндай ота жасау мүмкіндігіне медицина мекемесінде биылғы жылы орнатылған аз инвазивті эндоскопиялық араласуларға арналған жүйе арқасында ие болып отыр. Заманауи құрал-жабдықтарды сатып алуға Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы мұрындық болған.
Эндоскопиялық құралдар икемді немесе қатты эндоскопты қолдана отырып, аз инвазивті хирургиялық араласуға арналған. Бұл жабдық ішкі ағзалардың жағдайын дәл диагностикалауға, бар ауруларды зерттеуге және дұрыс емдеуді тағайындауға мүмкіндік береді. Осындай заманауи, жоғары деңгейдегі жабдықты пайдалана отырып, хирургиялық операцияны орындау Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының денсаулық сақтау саласы үшін үлкен жетістік болып табылады. Жоғары санатты білікті хирург Ибрагим Сайлаубайұлы жасаған аудандағы алғашқы эндоскопиялық операция сәтті өтті. Науқастың жағдайы тұрақты. Болашақта мұндай хирургиялық операциялар жоспарлы түрде жүзеге асырылады деп күтілуде.
Өз тілшімізден.