Ұланымызбен мақтанамыз

Жерлесіміз Ұлан Наукенов Қазақстан студенттері Альянсының төрағасы болып сайланды.

Аптаның басында 17 өңірлік штаб төрағаларының, Республикалық штаб қызметкерлерінің, ҚСА құрылтайшыларының, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы комитеті төрағасының орынбасарының, Ғылым және жоғары білім министрі кеңесшісінің қатысуымен жиын өтті.

Кездесу барысында 5 жылда атқарылған жұмыстар туралы есеп беріліп, экс-төраға Ілияс Түстікбаев Қазақстан студенттері Альянсының төрағасы қызметіне Астана қалалық филиалының жетекшісі Ұлан Наукеновты ұсынды және қатысушылардың басым дауысымен жаңа төраға болып сайланды.

Аманқазы әкесі мен Үміткүл анасынан алған мықты тәрбие, Жәйрем кентіндегі №10 мектептен алған терең білім, Ұлан баламызды мектеп қабырғасынан-ақ қатарының алдына шығарды.

Мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, еліміздегі ең беделді жоғарғы оқу орны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің Әлеуметтану мамандығына оқуға түсіп, қазіргі таңда бас қаламызда жүріп, көтерілген әр сатысына бізді қаратып, сүйсіндіріп, қуантып жүр.

Ұлан Аманқазыұлы дзюдо, қазақ күресінен ҚР Спорт шеберлігіне үміткер. Сонымен қатар, айналасына қайырымдылық жасаудың жаршысы болып жүрген волонтер.

Ауылымыздан шыққан осындай білімді де, білікті жастармен мақтанамыз. Ел тізгінін ойланбай-ақ ұстатуға болатын Ұландай жастарымыз көбейе берсін.

Аллам тіл-көзден сақтасын! Әр басқан қадамы сәттілікке толы болғай.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

Жәйрем кенті.