«Ерді кебенек ішінде таны» дейді дана қазақ. Ел басына күн туған шақта қиындықтарға қасқая қарсы тұратын, жанын шүберекке түйіп, өзгеге көмекке жүгіретін батыл да батыр азаматтар әлі де бар.
Биылғы көктемдегі табиғаттың тарпаң мінезі сондай атпал азаматтарымызды елге танытты. Лекілдеп келген тасқын судың бетін қайтарып, елді қатерден аман сақтап қалу жолында олар үлкен табандылық танытты. Күн-түн демей жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүріп жұртшылыққа қолдарынан келгенше көмек көрсетті. Солардың арқасында ел су тасқынынан аман қалды.
«Уақыт – емші» дейді дана қазақ тағы да. Кешегі қиындық артта қалды. Халық бір сәт үреймен еске алып қойғаны болмаса, сол сәттегі үргін-сүргін ұмыт болып келеді. Бірақ, сол қиын-қыстау кезеңде алғы шептен табылған, табандылық пен батылдық танытқан азаматтардың ерлікпен теңдес еңбектері еш ұмытылмайды. Оған Республикалық «Ақ жол» демократиялық партиясы тарапынан жасалынып жатқан айшықты шара айқын дәлел. Жуырда аталмыш партияның Ұлытау облыстық филиалының төрағасы А.Аманов Қаражал қаласына іс-сапармен келіп, қала аумағындағы көктемгі су тасқыны кезіндегі апаттың алдын алу, салдарын жою ісінен және табиғи апаттарға қарсы күресте табандылық пен батылдық танытқаны үшін бірқатар азаматтарды «Апатпен күрескені үшін» төсбелгісімен марапаттады.