Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттіліктің құқықтық және саяси тұғыры, азаматтық қоғам дамуының берік негізі. 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата Заң мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтып, билік тармақтарының өзара теңгерімін айқындады, қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз ететін басты құжатқа айналды.
Конституцияда мемлекеттің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік сипаттары бекітіліп, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде танылды. Бұл құжат – Қазақстан халқының тарихи таңдауының нәтижесі және мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі.
Ата Заң мемлекет пен қоғамның өзара қарым-қатынасын реттеп, елдің саяси жүйесін нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруға құқықтық негіз қалады. Конституция қағидаттары қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз етіп, тәуелсіз Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы беделін арттырды.