Конфессияаралық келісім – ел дамуының кепілдігі

Қазақстан – бейбітшілік пен тұрақтылықтың аймағына айналған ел. Мұнда түрлі ұлттар мен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бір мақсат, ортақ мүдде жолында еңбек етуде. Бұл – ел дамуының, халық бірлігінің, ең бастысы – конфессияаралық келісімнің нәтижесі.

Бүгінде Қазақстанда 18 конфессияны ұстанатын 3800-ден астам діни бірлестік тіркелген. Мемлекет әрбір азаматтың ар-ождан бостандығы мен діни сеніміне құрметпен қарайды. Бұл – еліміздің Конституциясында бекітілген басты қағидалардың бірі. Елімізде барлық діни конфессиялардың құқықтары тең, олардың бейбіт қызметіне толық жағдай жасалған.

2003 жылдан бері Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл съездер Қазақстанның тек ішкі тұрақтылықты ғана емес, жаһандық деңгейдегі дінаралық татулықты насихаттаушы ел екенін дәлелдеді.

Елімізде ұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу өзінің мағыналық құрылымы бойынша халықтар арасындағы келісімге негізделген. Ұзақ уақыт бойы халықтар арасындағы өзара қатынастардың ерекше дәстүрі қалыптасып, кеңінен насихатталып келеді.

Этносаралық келісім мен бейбітшілік аясында әлемде баламасы жоқ қазақстандық үлгі қалыптасып, қарқынды даму үстінде. Қазақстанның Түркі мемлекеттері, Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ аясындағы іргелес елдермен достық қарым-қатынас қалыптастыруы – осыған дәлел болып табылады.

Конфессияаралық келісім – тек бейбіт өмірдің негізі ғана емес, ол ел дамуының тікелей кепілі. Өйткені, ішкі тұрақтылық пен татулықсыз ешқандай экономикалық, әлеуметтік немесе саяси жетістікке қол жеткізу мүмкін емес. Тату елде ғана тыныш өмір, сенімді болашақ, кемел даму болады.

Сондықтан, Қазақстан халқы үшін конфессияаралық келісім – баға жетпес байлық. Оны сақтау, қорғау және одан әрі нығайту – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз. Ұлтаралық татулық пен діни келісім – елдің еңсесін биіктетер құндылық. Бұл құндылықтар сақталған кезде ғана Қазақстан кемел болашаққа сеніммен қадам баса алады.

Азамат КӘДІРСІЗОВ,
Шалғы кентінің әкімі