Қазіргі жаһандану дәуірінде конфессияаралық қатынастар мәселесі әлемдік және ұлттық деңгейде маңызды орын алып отыр. Әртүрлі діни сенім өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі – тұрақты қоғамның кепілі. Қазақстан секілді көпконфессиялы мемлекет үшін бұл тақырып ерекше өзектілікке ие.
Қазақстан Тәуелсіздік алған күннен бастап конфессияаралық татулық пен дінаралық келісімді нығайтуға бағытталған саясат жүргізіп келеді. Бүгінде елімізде 18 конфессияны білдіретін 3 500- ден астам діни бірлестік ресми тіркелген. Бұл Қазақстан қоғамындағы діни әртүрліліктің айқын көрінісі. Мемлекет бұл бағытта бейтараптық пен теңдікті ұстана отырып, барлық дін өкілдеріне тең мүмкіндік беріп келеді.
Конфессияаралық келісімді нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді институттардың рөлі зор. Бұл алаңдар түрлі діни өкілдер арасындағы диалогқа, өзара түсіністік пен сенімге негіз болады.
Алайда, қазіргі әлемде діни экстремизм мен радикализм қаупі әлі де өзекті. Бұл жағдай конфессияаралық келісімді сақтау жолында үнемі сақ болуды талап етеді. Әсіресе, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру, оларды радикалды идеологиядан қорғау – маңызды міндеттердің бірі.
Бүгінгі таңда конфессияаралық қатынастардың оңды көріністері көп. Түрлі дін өкілдері ортақ іс-шараларға қатысып, қайырымдылық жұмыстарын бірге атқарып, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүр. Бұл қоғамның рухани тұтастығы мен бірлігін көрсетеді.
Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары мен білім беру жүйесі де конфессияаралық толеранттылықты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Мектептер мен жоғары оқу орындарында түрлі діндерге құрметпен қарауға, төзімділікке тәрбиелеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл – болашақ ұрпақтың санасында бейбітшілік пен ынтымақ идеяларын орнықтыруға септігін тигізеді. Демек, конфессияаралық үйлесімді сақтау – қоғамның дамуына негіз болатын басты құндылықтардың бірі.
Қорытындылай келе, конфессияаралық келісім – бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізі. Оны сақтау – тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, әрбір азаматтың борышы. Өзара құрмет пен түсіністік арқылы ғана біз бірлік пен татулықты нығайта аламыз.
Әбдірәсіл РАХЫМ,
облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі.