Коалиция мүшелері марапатталды

Жезқазған қаласында «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Ұлытау өңіріндегі мүшелерін марапаттау рәсімі өтті. Шара Конституцияны түсіндіру және оған қоғамдық қолдауды қамтамасыз ету бағытында атқарылған кең көлемді жұмыстың қорытындысын айқындады.

Салтанатты жиында партия филиалының төрағасы Бауыржан Шыңғысов коалиция құрамындағы ұйымдар мен белсенді азаматтардың қоғамдық диалогты дамытуға, тұрғындарға реформаның мәнін түсіндіруге қосқан үлесін атап өтті. Оның айтуынша, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімді жүргізілуі аймақтағы азаматтық белсенділікті арттырып, жаңа Конституцияның мазмұнын жұртшылыққа кеңінен жеткізуге мүмкіндік берген.

Іс-шара барысында бірқатар азаматтар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен және «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапаттар – елдің тұрақты дамуы жолындағы еңбекті, қоғамдағы береке-бірлікті нығайтуға қосқан үлесті мойындаудың белгісі ретінде табысталды.

Марапатталғандар қатарында түрлі қоғамдық ұйымдар мен салалық құрылымдардың өкілдері ғана емес, ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, жастар белсенділері және аймақтық бастамаларға үлес қосқан азаматтар да бар. Олардың референдумға дайындық пен өткізу кезеңіндегі жауапты қызметі, тұрғындармен жұмыс жүргізудегі белсенділігі ерекше аталып өтті.

Бұл жиында Қаражал–Жәйрем өңірінің де бірқатар белсенді азаматтары, нақтырақ айтсақ, Қара жал қалалық «AMANAT» партиясы филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина, Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспанова, Ұлытау облыстық мәслихат депутаты Артем Ким, Қаражал қалалық мәслихат депутаты Айгүл Мауленина марапат төрінен көрінді.

Олар өңірде жүргізілген түсіндіру жұмыстарына, халықпен тікелей байланыс орнатуға және референдум күні барлық рәсімдердің талапқа сай өтуіне жауапкершілікпен атсалысқан. Салтанатты рәсімге қатысқан қонақтар Қаражал–Жәйрем өкілдерінің белсенділігі мен қоғамдық бастамаларға деген жоғары жауапкершілігін атап өтті.

Жиын соңында марапат иелері көрсетілген құрметтің алдағы уақытта да қоғам игілігіне қызмет етуге жігер беретінін жеткізді. Марапаттау рәсімі Ұлытау өңіріндегі азаматтық ұстанымы берік белсенділердің еңбегін бағалаумен қатар, қоғамдық бірлік пен ортақ мақсатқа бағытталған іс-қимылдың маңызын айқындай түсті.

Осыған дейін Ұлытау облысы жастарының арасында Конституцияның маңызын түсіндіру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамдық өмірдегі белсенділігін күшейту мақсатында болған «Жаңа Конституция – жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің негізі» атты форумда Қаражал қалалық мәслихат депутаттары Марлан Шамбулов, Жалғасқан Құрмансейітов, Данияр Жақсыбеков, Арынғазы Тәкібаев және Қаражал-Жәйрем өңірінің бірқатар мекемелеріндегі белсенді жастар да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталған болатын.

 Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.