Қаражал қалалық орталықтандырылған Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхана үшін жаңа 2023 жыл айтарлықтай қызу еңбекпен басталды. Қашан да жаңашылдық пен ізденіске ұмтылып тұратын кітапхана басшылығы мен қызметкерлері қаңтар айы басталғалы да біраз жоба ұйымдастырып, әртүрлі дөңгелек үстелдер мен іс-шаралар өткізді.
Мұндағы мақсат – қала тұрғындары мен оқушылардың және колледж студенттерінің кітапханаға келіп кітап оқуға, кітап деген асыл қазынаның ішіндегі құндылықтарды бойға сіңіруге деген құлшыныстарын арттыру. Осындай әдемі шаралардың бірі Қаражал қаласының 60 жылдығына орай 6 қаңтарда өткізілген «Қаражал – құт дарыған ел мекені» атты дөңгелек үстел. Онда қаланың тарихы, киелі жерлері, тарихи ескерткіштері, табиғи байлықтары туралы сөз қозғалып, әртүрлі сұрақтар қойылып оқырмандар белсене қатысқан болатын.
Ал, 17 қаңтар күні кітапхананың құрылғанына 45 жыл толуына байланысты «Кітапхана: кеше, бүгін, болашақта» атты үлкен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кештің құрметті қонақтары білімділіктің киелі ордасы кітапхананың қасиетті қазынасын көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып, кітапханада бірнеше жыл қызмет атқарған кітапханашы ардагерлер Бибіғайша Жаманқызы мен Қарлыға Тұрманқызы болды. Кітапхананың тарихымен басталған жанға жайлы әдемі кеш кітапхана жүйесінің бүгінгі күндегі қызу тірлігіне шолу жасаумен жалғасын тапты. Ардагер қонақтар өздерінің алғашқы еңбек жолдарын тілге тиек ете отырып қазіргі жас кітапханашы мамандармен жылдар бойғы еңбекпен жиналған тәжірибелерімен бөлісті. Тоқырау кезеңіндегі, қайта құрылу кезеңіндегі ауыртпалықтар мен кедергілер, техникасыз, ғаламторсыз, виртуалды байланыссыз тұстағы жанкешті жұмыстары жайлы айтып, бүгінгі таңдағы кітапханалардың материалдық-техникалық базасына қызығушылықтарын білдірген еді.
Осы шарамен тоқталып қоймай Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойы аясында қаңтар айының 25 жұлдызында кітапханада ардагерлер кеңесінің кездесуі өтті. Кеш барысында ардагерлер назарына «Киелі өлкем – Қаражал» атты кітап көрме ұсынылып, патриоттық сезімге толы кештен қонақтар әдемі көңіл-күймен тарқасқан болатын. Ал, күні кеше қаңтар айының соңғы күні қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, қырымды публицист Баққожа Мұқайдың 75 жылдығына арналған «Шыншыл тұлға – Баққожа Мұқай» атты ақпараттық сағат өткізілді. Ақпараттық сағатта жазушыны танып білу мақсатында оқырмандарға жазушының өмірбаяны, еңбек жолы, шағармалары баяндалды. Жазушының заманның ащы шындығын, ұлттың ұяты мен намысын, тауқыметі мен тағдырын, бодан қоғамның болмысын суреттей жазған кітаптарына, адамзаттың туған жерге деген азаматтық парызы, ар алдындағы жауапкершілігі, шынайы махаббат туралы жазылған кітаптарына шолу жасалып, бір сағат ішінде сан түрлі әсерге бөлеп, жоғарғы деңгейде өтті.
Міне, бұл атқарылып жатқан жұмыстың, қызықты рухани іс-шаралардың бір ширегі ғана. Өкінішке орай телефонға телмірген «жаханданған» заманда кітапханаға бас сұғар оқырмандар қала тұрғындарының санымен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Ұлттың дамуы да, рухани жаңғыруы да тарихы тереңде жатқан құндылықтарымызды құрметтеп, әспеттеп қана қоя салмай, жасөспірім жеткіншектер мен өзге ұлт өкілдеріне дұрыс насихаттап, ұрпақтың санасына сіңіре білуімен тікелей байланысты екенін есте ұстаған жөн. Ал, ол үшін әрбір қазақ өз тарихын, салт-дәстүрін жете біліп, тілі мен дінін құрметтеп, білімге құштар бола тұра өткені мен бүгінін дұрыс саралай алса нұр үстіне нұр болмақ.