Кітап пен ұрпаққа қызмет еткен ғұмыр

Елдің дамуы мен рухани байлығы, ең алдымен, адал еңбегімен халыққа қызмет еткен қарапайым еңбек адамдарының арқасында қалыптасады. Уақыт өзгеріп, қоғам жаңарғанымен, еңбекке деген құрмет ешқашан өз мәнін жоғалтпайды. Өйткені, ел тарихының әр кезеңінде өз ісіне адал, мамандығына берілген жандар ұлттың рухани тірегіне айналып келеді.

Осындай еңбек адамдарының бірі – кітапхана саласының ардагері, саналы ғұмырын кітап пен жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған Бибіғайша Жаманова.

Бибіғайша апай 1937 жылдың 1 қаңтарында Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болып өскен ол мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ кітап оқуға ерекше қызығушылық танытты. Білімге деген ынтасы мен ізденімпаздығы оның болашақ мамандығын таңдауға да үлкен әсер етті.

Алдымен Ленин атындағы училищені тәмамдаған ол 1956 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының кітапханатану факультетіне оқуға түседі. Бұл оқу орны оның болашақ өмір жолын айқындап, кітапхана ісінің қыр-сырын терең меңгеруіне жол ашты.

1960 жылы оқуын аяқтаған жас маман еңбек жолын Жаңаарқа ауданындағы мектепте бастайды. Алайда, сол жылы тұрмыс құрып, Қаражал қаласына қоныс аударады. Осында алғашында № 1 қазақ орта мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Ұстаздық қызметі арқылы ол жас ұрпақтың бойына білім мен тәрбиенің дәнін сеуіп, ел болашағына өз үлесін қосты.

Дегенмен, оның өміріндегі ең маңызды кезең кітапхана саласымен тығыз байланысты болды. 1964 жылы Қаражал қаласында балалар кітапханасы ашылған кезде Бибіғайша апай осы кітапхананың алғашқы меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл – үлкен сенім мен жауапкершілікті талап ететін қызмет еді. Жаңа ашылған кітапхананың жұмысын ұйымдастыру, кітап қорын қалыптастыру, жас оқырмандарды кітапқа баулу – мұның бәрі үлкен еңбек пен табандылықты қажет етті.

Бибіғайша апай осы міндеттердің барлығын абыроймен атқарып, балалар кітапханасын қаланың рухани орталықтарының біріне айналдыра білді. 1963 жылдан 1987 жылға дейін кітапхана саласында табысты еңбек еткен ол өзін білімді, тәжірибелі әрі ұйымдастырушылық қабілеті жоғары маман ретінде көрсетті. Оның кең ой-өрісі, кітапхана ісін терең меңгеруі, мәдени шараларды ұйымдастырудағы шеберлігі әріптестері мен оқырмандарының зор құрметіне ие болды.

Бибіғайша Жаманова кітапхана жұмысын тек кітап берумен ғана шектемей, оны мәдени-ағартушылық орталыққа айналдыруға ерекше көңіл бөлді. Балалар мен жастарға арналған әдеби кештер, кітап көрмелері, оқырман конференциялары, танымдық кездесулер ұйымдастырып, қала тұрғындарының мәдени өмірінің жандануына үлкен үлес қосты. Ол кітап арқылы жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, білімге деген қызығушылығын арттыру жолында аянбай еңбек етті.

Көп жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бибіғайша апай 1974 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, адал еңбегі үшін түрлі марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталып, Ресей Федерациясы Президентінің медаліне ие болды.

Ұжым арасында да ол сыйлы, беделді басшы ретінде танылды. Әріптестеріне әрдайым құрметпен қарап, әділдік пен талапшылдықты қатар ұстанды. Ұжымдағы ұйымшылдық пен жауапкершіліктің қалыптасуына зор үлес қосты.

Бибіғайша Жаманова – Қаражал қаласының Құрметті азаматы. Өз өмірін кітап пен мәдениет саласына арнаған Бибіғайша апай еліміздің білім, ғылым, өнер және мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосты. Ол ұлттық рухани құндылықтарды сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу жолында адал еңбек етті.

Бүгінде ол – үлкен әулеттің ардақты анасы. Алты баланы тәрбиелеп өсіріп, он төрт немере сүйіп отырған бақытты әже. Шөбересінің қолынан су ішіп отырған қадірлі жан ретінде ұрпағының қызығына кенеліп отыр.

Бибіғайша апаның өмір жолы – адал еңбек пен мамандыққа деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Кітапқа деген құрмет пен білімге деген құштарлықты насихаттаған оның өнегелі ғұмыры кейінгі ұрпақ үшін әрдайым үлгі болып қала бермек.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ