Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн» деген болатын. Осыған орай, ел Президентінің қолдауымен «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру аясында көптеген іс-шаралар өткізілуде. Мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Сауғанбаеваның жоба аясында құрып берген жоспарына сай бірнеше шаралар легі өтіп жатыр.
Соның бірі – №1 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімдері Гүлзат Абикеева мен Ақгүл Мейрманова 1 сынып оқушылары және ата-аналарымен «Шалқан» атты ертегісін оқып, ертегі желісі бойынша сахналық көрініс қойды. Ал, ата-ана Айзада Қадырова ертегі барысын автор ретінде жүргізді. Шараның негізгі мақсаты – балаларға ертегіні көңілді қабылдауға үйрету, сахналап беруге талпындыру, кейіпкердің мінез-құлқын сезіндіру, ойлау, есте сақтау, еске түсіру қабілеттерін қалыптастыру, ауызекі сөйлеу тілін дамыту.
Оқушылар үшін барлығы қызықты әрі көңілді өтті.
Бұл көріністе оқушылар ертегілерді сахналау барысында кейіпкерлердің мінез-құлқын жеткізе білгенін айта кету керек. Сондай-ақ, оқушыларға көркем шығармалардың тамашалығын сезінуге, өмірде, еңбекте, оқуда, кітап оқудың маңызы зор екені туралы айтылды.
Іс-шара соңында мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Елемесқызы «Оқуға құштар мектеп» жобасына белсене қатысқан ата-ана Айзада Қадыроваға Алғыс хат табыстап, ал оқушыларды мадақтамамен марапаттады.
«Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы» деген ұлағатты сөздің астарында қаншама терең ой жатыр. Өйткені, адамға керекті рухани азықтың бәрі кітаптан табылады. Ал, білімнің қайнар көзі саналатын кітапты жинайтын, сақтайтын орын — кітапхана екені сөзсіз.
Гүлзат Абикеева,
№ 1 ЖББМ бастауыш сынып мұғалімі.