Кішкентай бишілер бас жүлдемен оралды

Жәйремнің мақтанышы – хореографиялық «NUR» би ансамблі тағы да биік белесті бағындырды. Қарағанды қаласында өткен «BLACK & WHITE» республикалық байқауында өнерлі ұжым бас жүлдені жеңіп алып, ауылдың атын асқақтатты.

Бұл байқау – еліміздің әр өңірінен жиналған талантты бишілердің өнер додасы. Қарағанды облысының бірнеше қалаларынан бөлек, Абай, Шахтинск, Астана қалаларынан және Жаңаарқа ауданынан келген өнерпаздар қатысып, сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осындай бәсекелі ортада жеңіс тұғырынан көріну – үлкен еңбектің жемісі.

«NUR» ансамблі биыл 7 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт ішінде ұжым талай байқауларда топ жарып, Жәйремнің атын республика көлемінде танытып келеді. Бұл жолы да кішкентай бишілердің өнері көрермен мен қазылар алқасын тәнті етті.

4-5 жастағы өнерлі қыздар «Аспазшы» және «Сүйкімді мысықтар» атты көңілді билерін орындап, сахнада өздерін еркін көрсетті. Әр қимылдары үйлесімді, әр қадамдары шеберлікке толы болғандықтан, қазылар алқасы жоғары баға берді. Көрермендер де кішкентай бишілердің өнеріне сүйсініп, ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті.

Ансамбль жетекшісі Нұрлан Еламанов атап өткендей, бұл жеңіс – тек балалардың еңбегі ғана емес, ата-аналардың қолдауы мен ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. «NUR» би ұжымы алдағы уақытта да өнер додаларында топ жарып, өңірдің атын асқақтатуды мақсат етеді.

Теректі ШАҒАТАЙ.