Әкімшілік құқық бұзушылық туралы

Әкімшілік құқық бұзушылық — мемлекеттік немесе қоғамдық тәртіпке, азаматтардың жеке меншігіне, құқылары мен бостандықтарына, белгіленген басқару тәртібіне нұқсан келтіретін кінәлі (қасақана немесе абайсыз істелген) әрекет немесе әрекетсіздік. Бұл үшін арнаулы заңдарда әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген. Әкімшілік құқық бұзушылықты кейде «әкімшілік теріс қылық» деп те атайды.

Жеке адамның әкімшілік жауаптылық көзделген құқыққа қарсы, кінәлі (қасақана немесе абайсызда жасалған) іс-әрекеті, не әрекетсіздігі немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы іс-әрекеті, не әрекетсіздігі әкімшілік құқық бұзушылық болып танылады. Әкімшілік жауапкершілік — азаматтар мен лауазымды адамдардың өздерінің әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттері үшін заң алдындағы жауапкершілігінің бір түрі. Кінәлі адамдар өзі құқық бұзған уақытта және территорияда қолданылатын заңдар негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Әкімшілік жауапкершілікке құқық бұзған сәтте 16 жасқа толған азаматтар ғана тартылады. Әскери қызметшілер мен әскери жиындарға шақырылатындар, ішкі істер органдарының қызметкерлері әкімшілік құқықты бұзған ретте тәртіптік жарғылар бойынша жазаланады. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарын — сәйкесті Парламент палатасының, жергілікті мәслихат депутаттарын — сәйкесті өкілетті органның келісімінсіз, ал Қазақстан Республикасының судьяларын Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз Әкімшілік жауапкершілікке тартуға болмайды. Сондай-ақ, республикадағы шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды, өзінің іс-әрекетіне есеп бере алмайтын, есі дұрыс емес адамдарды т.б. әкімшілік жауапкершілікке тартуға қатысты мәселелер қолданыстағы әкімшілік кодексте егжей-тегжейлі көзделген.

Эльмира ЖАМАУОВА,

Қаражал қалалық сотының бас маманы.