Әкімшілік құқық бұзушылық үшін жаза – әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамалардың қатаң сақталуы негізінде жүзеге асады. Әкімшілік жаза тағайындау кезінде жасалған құқық бұзушылықтың сипаты, құқық бұзушының жеке басы, оның кінәсінің дәрежесі, мүліктік жағдайы, жауапкершілігін жеңілдететін және ауырлататын жағдайлар ескеріледі. Бір тұлғаның екі не одан да көп әкімшілік құқық бұзушылық жасағанында, әрқайсысы үшін жеке-жеке жаза қолданылады.
Егер тұлға бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық жасаған болса, онда іс бір-ақ сотта, органда (лауазымды тұлғада) қаралады, тұлғаға бір текті жаза қолданылған жағдайда ең жоғарғы мөлшердің үш есесінен аспауы тиіс.
Әкімшілік жазаны тағайындау (осы әкімшілік жазаны туғызған) әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаны міндеттемелерден босатпайды. Әкімшілік жаза азаматқа мынадай түрде тағайындалуы мүмкін:
— әкімшілік құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екі айдан (кем емес) кешіктірмей;
— қоршаған ортаны қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық жасалған күннен бастап алты айдан (кем емес) кешіктірмей;
— салық салу саласындағы құқық бұзушылықты жеке тұлға жасаған болса — жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей, ал заңды тұлға үшін — жасалған күннен бастап үш жылдан кешіктірмей;
— созылмалы әкімшілік құқық бұзушылық үшін оны анықтаған мезеттен бастап екі айдан кешіктірмей.
Егер әкімшілік жазаға тартылған тұлға, жаза өтелген мезеттен бастап бір жылдың ішінде жаңа әкімшілік құқық бұзушылық жасамаса, онда тұлға әкімшілік жазаға тартылмаған болып есептелінеді.
Сонымен, әкімшілік жаза дегеніміз – әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны үшін қолданылатын жауапкершілік шарасы. Әкімшілік құқық бұзушылық үшін тағайындалатын жаза әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаларға сәйкес болуы керек.
Эльмира ЖАМАУОВА,
Қаражал қалалық сотының
бас маманы.