Киіктерді табиғи ортаға қауіпсіз ығыстыру жұмыстары жүргізілді

Даланың дархан төсін еркін кезген киіктер – қазақ сахарасының жаны, табиғаттың тірі тынысы. Ғасырлар бойы кең байтақ далада табиғи заңдылыққа бағынып көшіп-қонып келген бұл киелі жануар соңғы жылдары Қаражал–Жәйрем өңірінде айтарлықтай көбейе түсті. Бұл – табиғаттың қайта түлеп, өз болмысын қалпына келтіре бастағанының жарқын белгісі. Алайда кез келген өсім тепе-теңдікпен үндеспесе, қиындық та қатар жүретіні белгілі.

Соңғы уақытта киіктің ауыл маңына жақындауы ауыл шаруашылығына, жайылымдық жерлерге және елді мекендерге салмақ түсіре бастаған еді. Осыны ескерген жергілікті жұрт пен жауапты мекемелер биыл алдын алу шараларын ертерек қолға алды.

Ағымдағы аптада таңғы аязды ауа райына қарамастан Ақтай ауылы маңында киіктерді қауіпсіз әрі табиғи жолмен ығыстыруға бағытталған ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Маңызды бастамаға қала әкімінің орынбасары Аманқазы Наукенов, Ақтай ауылының атқамінер азаматтары, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК мамандары, Қаражал қаласынан келген жауапты қызметкерлер біркісідей жұмыла кірісті.

Іс-шара барысында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК төрт арнайы техникасы тартылып, жалпы саны 30-ға жуық адам дала төсінде еңбек етті. Шараның басты мақсаты – ауыл маңына шоғырланған киіктерді үркітпей, зақым келтірмей, олардың табиғи мекеніне, жылы өңірлерге қарай бағыттау. Бұл ретте жайылымдық жерлердегі мал азығының тапшылығы да назардан тыс қалған жоқ.

Соңғы кездері ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар тарапынан көтерілген мәселенің түйіні де осы болатын. Өңір халқы өткен жылғы ауыр жағдайды әлі ұмытқан жоқ. Былтыр өңірге шоғырланған киіктер қақаған қысқа шыдай алмай, көктемге қарай көптеп қырылған болатын.

Сол кезде ауыл мен қала тұрғындары бірігіп, далада қалған өлекселерді жинауға мәжбүр болды. Бұл көрініс көпшіліктің жадында ауыр із қалдырды. Биыл сондай жағдайдың қайталанбауы үшін жанашыр азаматтар күзден бастап дабыл қағып, нақты әрекетке көшуді ұсынған еді.

Киіктерді бір бағытқа айдап, қауіпсіз аумаққа көшіру – оңай міндет емес. Табиғатынан сақ әрі аса жылдам жануарлар әр жерде бытырап, шағын топтармен қозғалады. Сол себепті оларды жинақтап, белгілі бір бағытқа бұру үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етті.

Осы мақсатта арнайы «дәліздер» жасалып, техника көмегімен киіктердің қозғалыс бағыты нақты айқындалды. Қатал аяз бен өткір жел де жұмыстың оңайға соқпасын көрсетті. Соған қарамастан, жанашыр азаматтар таң атқаннан далада жүріп, киіктердің табиғи мінез-құлқына зиян келтірмеуге барынша күш салды.

Әр қадамда жануарлардың қауіпсіздігі бірінші орынға қойылды. Соңғы жылдары Қаражал–Жәйрем өңірінде киік санының көбеюі жиі айтылып келеді. Бұл – бір жағынан қуанарлық жағдай. Дегенмен, табиғи тепе-теңдік сақталмаса, мұндай өсімнің соңы орны толмас шығынға әкелуі мүмкін.

Биыл қолға алынған жұмыстар – өткен жылғы қателіктерден сабақ алып, алдын ала жасалған нақты әрі маңызды қадам. Ақтай ауылы маңында өткен бұл іс-шара – табиғатқа деген жанашырлықтың, туған жерге деген жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Киікті қорғау арқылы ауыл тұрғындары кең даланың аманатын сезініп, сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Табиғатқа жанашырлық – бір күндік науқан емес. Ол – үздіксіз қамқорлықты, саналы көзқарасты талап ететін үлкен аманат.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ