Киік қырылмасын десек – олардың көшіп жүруіне жағдай жасауымыз керек

Былтырғы қыс Ұлытау өңірі үшін ғана емес, бүкіл қазақ даласы үшін үлкен сынақ болды. Қар қалың түсті, көктемге қарай мұз қатты, мал да, жан да қытымыр табиғаттың қысымын қатты сезінді. Бірақ, ең қатты зардап шеккен – дала еркесі, халқымыздың болмысымен біте қайнасқан киік болды.

Ресми деректерге сүйенсек, биылғы көктемге дейін тек Жезқазған өңірінен 5741 киік өлексесі жиналса, Қаражал өңірінен 10386 бас киік ұшасы жиналды. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, киіктердің жаппай қырылуына бірнеше фактор себеп болған. Олар – қыстың қаталдығы, қалың қар мен мұз, күйектен соң әлсіреген жануарлардың суыққа төтеп бере алмауы, миграция жолдарының бөгелуі.

Осылардың ішіндегі ең бастысы – миграция жолдарының бөгелуі болып тұр. Бұрындары күн суыта бастағанда Бетпақдала мен Қарақұмды бетке алып, оңтүстікке ойысатын киіктер соңғы жылдары бұл дәстүрлі қоныс аудару жолынан айырылып отыр. Жезқазған – Бетпақдала арасындағы 418 шақырымдық теміржол бойы шарбақпен қоршалған. Ал, заманауи автожолдарда киікке арналған өткелдер қарастырылмаған. Нәтижесінде мыңдаған жануар мәңгілік қонысына жете алмай, қақаған аяздың құрбанына айналды.

Жалпы, Қазақстанда киіктің үш популяциясы бар: Бетпақдалада (Орталық Қазақстан), Үстіртте (Маңғыстау және Ақтөбе облысы) және Оралда (Батыс Қазақстан облысы). Соның ішінде бізге тиесілісі – Бетпақдала популяциясы. Әуе санағы бойынша, Бетпақдала популяциясында 1,15 миллионнан астам киік бар. Ал, жалпы Қазақстандағы саны – 4,1 миллионға жуық.

Шындығында, бұл – табиғаттың тепе-теңдігін қалпына келтірудің көрінісі. 2000 жылдардың басында браконьерліктен киік саны небәрі 20 мыңға дейін азайып кеткенін ескерсек, бүгінгі көрсеткіш – елдің экожүйесін қорғаудағы жетістігі.

Дегенмен, санның артуы киіктердің қыста ауыл іргесіне дейін келіп, шөп іздеп сабылуына себеп болды. Далада азық таппаған жануар адамдардан да үрікпей, қора маңын жағалап жүргенін жергілікті тұрғындар жиі айтады. Бұл құбылыс – киіктің «көбейіп кеткенінің» емес, қоныс аудару жолының тарылып қалғанының айғағы.

Мамандардың айтуынша қыс қатал болса, киік саны 40–50 пайызға дейін кемиді екен. Бірақ, олар асығыс шешім қабылдап, популяцияны жасанды жолмен азайтуға болмайтынын ескертеді. Өйткені, киік – Қазақстанның табиғи визит карточкасы, әлемдік популяциясының 95 пайызы дәл біздің жерімізде.

Енді не істеуіміз керек? Басты сабақ – киікке табиғи миграция жолын қайтару. Ол үшін теміржол мен автожолдарда жануарларға арналған арнайы өткелдер салу қажет. Қыстау аймақтарына жеткізетін дәстүрлі жолдарды ашық ұстау керек. Қар қалың түскен жылдары қосымша азықтандыру шаралары жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.

Жергілікті халықты жұмылдырып, «киікке қамқорлық – елге қамқорлық» деген түсінікті күшейту қажет. Алайда, менің ұсынысым, қазіргі қолайлы кезеңді пайдалана отырып, киіктерді күйекке дейін Бетпақдалаға қарай өткізіп жіберуге күш салу қажет. Қазір біздің өңірде киік санының жылдағыдан артқанын да естен шығармаған жөн.

Өйткені, егін егіп, жер төсін емген диқандар мен малшылар қауымы егінге, шабындыққа түсті деген сылтаумен киікті қырға айдап тастап жатыр. Егер күзге дейін оларды «жолдан өткізіп» салмасақ, түз жануарлары былтырғыдан да мол қырылуы әбден мүмкін. Ал, киіктің матауы – қараша айының соңы мен желтоқсан айының ортасына сәйкес келеді. Ендеше уақыт тым аз. Жедел іске кірісу керек. Бұған жергілікті билік мән бере қарағандары жөн.

Киік – қазақ даласының рухани мұрасы, ұлттың болмысын айшықтайтын ерекше жануар. Оның тағдырына бейжай қарау – болашаққа қиянат. Бүгінгі таңда Қазақстанның бүкіл әлем алдында табиғатты қорғаудағы беделі дәл осы киік тағдырымен өлшенбек.

Киік қырылмасын десек – олардың көшіп жүруіне жағдай жасауымыз керек.

Мешітбай ОМАРОВ,
Қаражал қаласының Құрметті азаматы,
Ақсақалдар алқасының төрағасы