Киік популяциясын сақтау және олардың көші-қон жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өңірде жүйелі түрде қаралып келеді. Осыған дейін бұл бағытта арнайы кездесу өтіп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, жедел жұмыс тобы құрылған болатын. Сол жиында қабылданған шешімдер нәтижесінде Қызылжар-Жеңіс теміржолы бойындағы бөгеттер ашылып, киіктердің табиғи жолмен өтуіне мүмкіндік жасалды
Алдыңғы кездесуде белгіленген міндеттердің орындалу барысын бағалау, атқарылған жұмыстардың нәтижесін саралау және алдағы кезеңге арналған нақты іс-қимыл жоспарын айқындау мақсатында ағымдағы аптада қалалық әкімдіктің мәжіліс залында кезекті жоспарлы жиын өтті. Бұл басқосу қабылданған шешімдердің заңды жалғасы ретінде ұйымдастырылып, киік тағдырын тұрақты бақылауда ұстауға бағытталды.
Жиынға өңір басшысы Айқын Елеусізов, РМҚК «Охотзоопром» ӨБ жануарлар дүниесін қорғау қызметінің Ұлытау облысы бойынша инспекторы Дархан Ермеков, қала прокуроры Дархан Бөлекпаев, Қаражал қаласы полиция бөлімінің басшысы Алмаз Жақаев және Жаңаарқа ауданы ауылдық округ әкімдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ақсақалдар алқасы қатысты. Бұл мәселенің бір ғана саланың емес, тұтас қоғамның назарында екенін айқын көрсетті.
Кездесуде 2025 жылғы 17 қарашада облыс әкімі Дастан Рыспековтің аппараттық кеңесте берген тапсырмасы аясында атқарылған жұмыстар жан-жақты талқыланды. Аталған тапсырмаға сәйкес жедел жұмыс тобы құрылып, Қызылжар-Жеңіс теміржолының 236-шақырымындағы ұзындығы 1,4 шақырым болатын тікенді қоршаулар ашылды. Бұл шешім киіктердің табиғи қозғалысына кедергі келтірмей, олардың қауіпсіз өтуіне жол ашты.
РМҚК «Охотзоопром» инспекторларының мәліметінше, желтоқсан айының соңғы онкүндігінде ашылған өткел арқылы 200 мыңнан астам киік өткен. Бұл жоспарлы әрі үйлесімді жүргізілген жұмыстың нақты нәтижесі.
Жиында жаңадан салынып жатқан Мойынты-Қызылжар теміржол желісіне байланысты туындауы мүмкін қауіптер де қозғалды. Мамандардың бақылауына сәйкес, киіктер бұл бағытта Қаражалға қарай емес, табиғи инстинктіне сай Кенжебай-Самай құмдары мен Жаманайбат өңіріне бет алған. Бұл көшіқон процесінің жасанды айдаусыз, табиғи түрде жүріп жатқанын аңғартады.
Сонымен қатар, өткен жылғы қиын жағдайды қайталамау мәселесіне ерекше назар аударылды. Ол кезде киіктердің жол бойында ұзақ бөгелуі, жайылымдардың тапталуы және қырылу қаупі қоғамда алаңдаушылық туғызған еді. Биыл мұндай жағдайдың алдын алу үшін барлық жауапты органдар бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуде. Қазіргі таңда киік саны тұрақты сақталғанымен, бақылау күшейтілген.
Қоғамдық кеңес пен ақсақалдар алқасы тарапынан қойылған сұрақтар да орынды болды. Әсіресе, киіктерді айдап өткізу тәсілінің тиімсіздігі айтылды. Мамандардың пікірінше, қазіргі жағдайда әр шақырым сайын бір техникадан орналастырып, жалпы саны 40-қа жуық техниканы жұмылдыру қажет. Сондықтан, негізгі бағыт – киіктерді мәжбүрлеу емес, олардың қауіпсіз өтуіне арналған «коридорлар» қалыптастыру.
Қала әкімі өз сөзінде ауыл әкімдері, полиция және прокуратура өкілдерінің бұл жиынға қатысуы бекер еместігін атап өтті. Қажет болған жағдайда қосымша техника бөлінетінін, барлық ұсыныс пен өтініш жедел түрде қаралатынын жеткізді. Сондай-ақ, Нұра ауданы тарапынан келіп жатқан киіктердің ауыл аумағына кірмеуі үшін тиісті шаралар қабылданып, олардың Бетпақдала бағытына бұрылуына жағдай жасалып жатқанын айтты.
Жиын соңында арнайы штаб жұмысының нақты әрі үйлесімді жүргізілуі, әр мекеменің жауапкершілігі айқындалуы керектігі баса айтылды. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мешітбай Омаров жұмысты бір орталықтан үйлестірудің маңызын атап өтсе, полиция бөлімінің басшысы Алмаз Жақаев Станционный шағын ауданы маңында шоғырланған киіктерге байланысты қауіптерге тоқталды. Мамандардың болжамынша, көші-қон үдерісі қаңтар айының соңына дейін жалғасып, аяз күшейген жағдайда қырылу қаупі туындауы мүмкін. Сондықтан, тез әрі үйлесімді әрекет ету – басты талап.
Кездесу қорытындысында барлық ұсыныс пен ескертпе хаттамаға енгізіліп, жауапты тұлғалар бекітілді. Арнайы штаб жұмысы күнделікті бақылауға алынды. «Охотзоопром» мамандары карта арқылы киіктердің қозғалыс бағытын нақты көрсетіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Бұл жиын бір маңызды ойды айқын көрсетті: киікті сақтау – тек табиғатты қорғау мекемелерінің ғана емес, билік пен қоғамның, жергілікті халықтың ортақ міндеті. Табиғатпен тіл табысып, ақылмен әрекет еткенде ғана киіктерді де, инфрақұрылымды да, халықтың мүддесін де қатар қорғауға болады.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
