Кезекті аппарат кеңесінде экономика және бюджетті жоспарлау мәселелері қаралды

Бүгін облыс әкімі Б.Әбдіғалиұлының төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті. Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалар мен департаменттердің басшылары, қалалар мен аудандардың басшылары қатысты. Күн тәртібінде үш мәселе талқыланды.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы А.Сыздықова активке 2023 жылдың 1 қаңтарына бюджеттің атқарылуы туралы айтып берді. Баяндамашының айтуынша, бюджеттің кіріс бөлігі бойынша атқарылу 9 млрд 77,3 млн теңгені немесе 115,38% — құрады.
 Экономика басқармасының басшысы жиналғандарға Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. В.Ставицкая өткен жылдың қорытындысын шығарып, биылғы жылдың жоспарларын белгіледі. Ол әлеуметтік-экономикалық дамудың базалық көрсеткіштері негізінде облыс өңірлерінің 2022 жылғы рейтингі жасалғанын хабарлады. Онда бірінші орын Жаңаарқа ауданына берілді – онда алты негізгі көрсеткіштің (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйді іске қосу, сауда, инвестициялар) бесеуінде оң динамика байқалды. Сәтбаев қаласы рейтингте екінші орынға ие болды, облыс орталығы үздік үштікті жапты. Қаражал қаласында ең нашар көрсеткіштер байқалды.
 Сондай-ақ, ағымдағы жылы жоспарлы тапсырмалардың орындалуын, облыс бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың және жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) негізгі көрсеткіштерінің өсуін қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді. Бұл көрсеткіштер барлық салалық басқармалармен алдын ала пысықталды.
 Облыс әкімі өз кезегінде белгіленген индикаторларды өңірлер бойынша бөлуді тапсырды. Ұлытау облысының кешенді даму жоспарының көрсеткіштерін уақтылы орындау бойынша міндеттемелерді қалалар мен аудандардың барлық басшылары өз мойнына алуға тиіс. Жоспардың әрбір тармағының қалай орындалатыны туралы Б.Әбдіғалиұлының төрағалығымен өтетін арнайы кеңестерде қаралатын болады. Олардың бірі осы жұмада болады.
 Күн тәртібіндегі үшінші мәселе мемлекеттік сатып алуды өткізу жоспарына қатысты болды. Баяндамашы ретінде мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы сөз сөйледі. А.Әйтенов 2022 жылы мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы құрылғаннан бері облыс бойынша 8 млрд 295 млн 998 мың теңгеге 27 конкурс жарияланғанын хабарлады. 2023 жылы облыстың мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушысы арқылы 10 млрд 671 млн 548 мың теңгеге 99 конкурс көзделген.
 Сондай-ақ, аппарат кеңесі барысында Ұлытау облысының әкімі кадрлық тағайындаулар туралы жариялады. Мәселен, С.Алдоңғаров Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлытау облысындағы филиалының директоры болып тағайындалды, ал Т.Мұқышов Ұлытау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясын басқарады. Б.Әбдіғалиұлы әріптестеріне жұмыста табыс тіледі.
С.Балмағанбетов өз кезегінде дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметінен босатылды. Осы лауазымда атқарған жұмысына алғысын білдірген өңір басшысы С.Балмағанбетовтің одан әрі қызметіне табыс тілеп, алғыс хат табыс етті.