Қаражал қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХХVI сессиясы өтті. Сессияны мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова ашып, жүргізді.
Бұл сессияға қала әкімінің міндетін атқарушы Аманқазы Наукенов, қала әкімінің орынбасары Диана Оспанбекова, Жәйрем және Шалғы кенттерінің әкімдері, Қоғамдық кеңес мүшелері, бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия басталар алдында секретариат пен редакциялық комиссия құрамы бекітіліп, дауыс беру нәтижесінде барлық ұсыныстар бірауыздан қабылданды. Бұл қадам сессияның ұйымдастырушылық жағының жоғары деңгейде өткенін көрсетті.
Сессияда қаралған күн тәртібі екі маңызды мәселені қамтыды: Қаражал қалалық мәслихатының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы № 219 «2025–2027 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, Жәйрем және Шалғы кенттерінің бюджетіне өзгерістер енгізу.
Бірінші мәселе бойынша «Қаражал қаласының экономика және қаржы бөлімі» ММ басшысы Нұргүл Әбдірахманова баяндама жасады. Ол бюджетке енгізілетін өзгерістердің негізгі бағыттарын түсіндірді.
Газдандыру жұмыстарына қосымша 230 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам екені айтылды.
Сонымен қатар, облыстық бюджеттен хоккей кортының құрылысына қосымша 200 млн теңге қарастырылғаны хабарланды. Бұл спорттық инфрақұрылымды дамытуға және жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Талқылау барысында депутаттар қаржының мақсатты жұмсалуы мен жұмыс қарқынына қатысты нақты сұрақтар қойды.
Депутат Арынғазы Тәкібаев газдандыруға бөлінген қаражаттың көлемі мен мерзімін сұрады. Нұргүл Әбдірахманова бұл қаражаттың биылғы жылы игерілетінін және республикалық бюджеттен қосымша 1,4 млрд теңге күтіліп отырғанын айтты.
Хоккей корты құрылысына қатысты да қызу пікірталас болды. Жұмыстың орындалу деңгейі, қаржыландыру көлемі және мерзімі талқыланды.
Мердігер өкілдері жобаның жалпы құны шамамен 750 млн теңге екенін, оның 390 млн теңгесі игерілгенін, ал қосымша бөлінген қаражат есебінен жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді. Жыл соңына дейін қосымша қаржы толық игеріліп, актілер рәсімделетіні айтылды.
Сессия соңында ұсынылған өзгерістер бірауыздан мақұлданып, тиісті шешімдер қабылданды.
Бұл шешімдер қаладағы әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдетуге, инфрақұрылымды жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Газдандыру жобасы қала үшін стратегиялық маңызы бар, себебі, ол экологиялық жағдайды жақсартып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру мүмкіндігін береді.
Ал хоккей кортының құрылысы спортты дамытуға, жастарды салауатты өмір салтына тартуға ықпал етеді.
Қаражал қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХХVI сессиясы нақты нәтижелерге қол жеткізген маңызды жиын болды. Қабылданған шешімдер қаланың даму жоспарына жаңа серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.
