Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толмақ. Бұл Қазақстанның ғана емес, барлық ТМД елдерінің тарихында айрықша орны бар мереке. Біздің отандастар соғыстың барлық шайқасына қатысты. Қазақстаннан жүз мыңнан астам жауынгер түрлі марапаттарға ие болды, 500-ден аса адам Кеңес Одағының Батыры атағын алды, солардың қатарында қазақ ұлтының 103 азаматы бар. 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста қаншама боздақтарымыз Отан үшін отқа түсіп, сұм соғыстың құрбаны болды. Елге оралғандары мүгедек арбасына таңылды, сау келгендері өмірлерінің соңына дейін ауыр да қасіретті күндерді ұмыта алмады. Олардың көбі ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Сондай батыр жандардың бірқатары өзіміздің Қаражал-Жәйрем өңірінде де болған. Бүгінгі күні арамызда жоқ батырлардың ұрпақтары майдангер әкелерін, аталарын сағына отырып, мақтанышпен еске алады. Бүгінгі әңгімемізді Ұлы Отан соғысының ардагері, Қаражал қаласының Құрметті азаматы, марқұм Дәулетбек Мұстафаұлы Мұстафаевтың ұлы, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ ардагері Төлеубек Мұстафаев ағамыз өрбітеді.
Отбасымызда әскери тәртіп болды
– Менің әкем, Дәулетбек Мұстафаев 1908 жылы Ақмола облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. 1941 жылы 33 жасында соғысқа аттанып, атты әскердің құрамында болады. Кавалерия полкының эскадронында көптеген қазақ жігіттерімен бірге әскери дайындықтан өтіп, майданға Украина жерінде араласты. 1943 жылы Польша жерінде, кейін Балтық жағалауында ұрысты. 1944 жылы жау шебіне өтіп, таң ата күтпеген жерден соққы беру үшін бірнеше жолды жаяу жүріп өткен жауынгерлер оқыс шабуыл жасап, 17 мың жау әскерін тұтынға түсіреді. Ұрыс майданында оң аяғы ауыр жараланып, госпитальға түседі. Жарақаты жазылған соң, қайтадан ұрыс майданына кіріп, Штаргард, Науард, Польцине, Шифельбайн, Регенвальде, Керлин, Бервальде, Фронвальде, Венгерин деген Германия жерлерінде болған. Жеңіске қол жеткізген күнді, яғни, 1945 жылдың 9 мамырын Кеннингсберг қаласында қарсы алады. Оның бәрін өзі әңгімелеп отырушы еді, марқұм. 1945 жылы Ұлы Жеңіске қол жеткізгенмен, бойдақтарды тағы да бір жылға алып қалып, әкем әрі қарай соғыстан кейінгі қирап қалған қалаларды қалпына келтіруге байланысты еңбек майданында жұмыс істейді.
Елге оралған соң жанұя құрып, 1947 жылы Рымтай есімді қыз дүниеге келеді. Одан кейін 1950 жылы Айнаш деген қыз бала, 1952 жылы Бейсенкүл, 1954 жылы Сейілбек, 1956 жылы мен Төлеубек, 1959 жылы Аманкүл (Аманкүл екеуміздің арамызда кішкентай кезінде шетінеп кеткен ұл бала болған), 1960 жылы Рахымбек, 1963 жылы Мейірбек, 1964 жылы Жаңабек, 1966 жылы үйіміздің кенжесі Шынар дүниеге келеді. Әкем елге оралған соң, өрт сөндіру қызметінде, подхозда сол кездегі «управляющий» қызметтерін атқарған екен, ал мен ес білген кезде ол кісі жылқы бағатын. 1970 жылға дейін жылқы бағып, зейнетке шықты. Әкем марқұм жалпы Жамбыл облысына сыйлы адам болған. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін омырауына таққан орден, медальдары қаншама…
Мен есімді білгенде үйіміздің төрінен ауылдың атқа мінерлері, партком, обком, горисполком, райсполкомдар келіп әкемнен ақыл сұрап отыратын. Әкем қатаң, әскери тәртіптегі адам болғанымен, бізге тек мейірімділікпен ғана қарап, бар тыйымды тек ақылмен жеткізіп отыратын. Әкемнің көзі өте өткір, көк көз болатын. Қазір сол өткір жанары менің кенже қызым Әлияға берілген. Әлиямды әкем өле-өлгенше қасынан тастамай, жақсы көріп жүретін. Әкемнің қаталдығы үнемі орынды болатын. Бірде, әңгіме болсын, айтайын. Әкемді іздеп Қаражал қаласынан бір жас жігіт келеді. Келу мақсаты соғысқа қатысқан жандардан сұхбат алу. Ол жігіт кіріп сәлем бергенде әдеттегі қалыппен әкем «оу, кімнің баласысың?» деп сұрап еді, ол жігіт «қайтесіз, сіз бәрібір білмейсіз де танымайсыз» деп жауап берсін. Әкем марқұм қолындағы таяғымен ұрғылап, далаға бірақ қуып шықты. Біз соңынан шығып, «қарағым, айналайынға» басып, үйге қайта кіргіздік. Ол жігіт солай кетіп қалса, әкемнің ашуын біз білеміз. Қырсық шал «үйіме баса-көктеп келіп, дөрекілік көрсетті» деп шу шығаруы мүмкін деп, зәреміз ұшты. Қайтадан кірген жігіт, әкесінің атын айтып еді, менің әкем оның жеті атасын таратып берді. Содан әлгі жігіт, есі шығып қуанып, рақметін айтып, кешірім сұрап еді.
Әкеме «Қаражал қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Әкемнің суреті Қаражал қаласының сол кездегі әкімшілігінің ғимаратында ілініп тұрды. Кейіннен алынып тасталды. Жәйрем кентіндегі бұрынғы Зеленая көшесіне әкемнің есімі берілді. Мұның бәрі менің әкемнің ел алдындағы қадір-қасиеті деп білемін.
Өмірлік жары, анамыз Мүфтия Жақыпбекқызы екеуі 59 жыл отасқан бақытты шаңырақтарында 12 баланы дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбиелеп, жетілдірген. Әулеттің үлкендері, яғни, үш апам Тиыштық, Рымтай, Бейсенкүл Жамбыл облысында тұрмысқа шығып сол жақта қалған. Қазіргі таңда Тиыштық, Рымтай апаларым о дүниелік болды. Жалпы, ойлап отырған боларсыздар. Жамбыл облысында туылып, сол жақты мекен еткен адамдар Жәйремге қалай тап болды деп. 1978 жылдары әкем, Сейілбек ағам және мен үшеуміз әкемнің ата жұртын аралап, ел көруге шығып, жолай осы өңірдегі Маркс, Жаңаарқа аудандарын қонақтап жүрдік. Ол кезде Жәйремнің бүкіл Кеңес үкіметіне танылып, дүрілдеп тұрған кезі. Жәйремге де соқтық. Сол кездегі Жәйрем комбинатының алғашқы директоры Садық Асатовтың қабылдауына кіріп, амандасып шықтық. Келген қонақты құшақ жая қарсы алатын қасиетімен Садық Қасымұлы бізді жылы қарсы алып, әңгіме барысында біздің кәсібімізбен танысып, осы Жәйремге жұмысқа шақырды. Содан мен 1981 жылы осы Жәйремге жұмысқа келдім. Бірінші ағаларым Төленбек, Сейілбек үшеуміз келіп орналасып, артынша әке-шешемізді, бауырларымызды көшіріп алдық. Содан бері міне, Алла қаласа келер жылы тура 40 жыл болады Жәйремді қоныстанғанымызға.
Ағам Төленбек көптеген жылдар бойы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ бұрғылау учаскесінде еңбек еткен, қазіргі таңда о дүниелік болған. Төленбек ағамның баласы Әмірбек отбасымен Қарағанды қаласында тұрады. Сейілбек ағам комбинатта БелАЗ жүргізушісі болған, қазір зейнетте, оның үлкен ұлы Фазылбек Балқаш жағында еңбек етсе, Жақсыбегі Жәйрем кен байыту комбинатының теміржол цехында еңбек етеді. Қызы Гүлжанат Жезқазған қаласында тұрмыста. Төлеубек, яғни, мен 40 жылдан астам уақыт «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да еңбек еттім. Қазір зейнеттемін. Менің үш ұлым, екі қызым бар. Мейрамбегім комбинаттың мердігер ұйымында еңбек етсе, одан кейінгі балам Салтанатым бірнеше жылдар бойы осы комбинаттың материалдық техникалық жабдықтау бөлімінде еңбек етіп, қазір Қарағанды қаласына көшіп кеткен. Сол жақта қызметте. Сабырбегім кедендік рәсімдеу бөлімінің жетекші маманы, одан кейінгі Жазылбегімнің кәсібі жүргізушілік, комбинаттың қосалқы көліктер цехында жүргізуші болған, бүгінгі күні Қарағанды қаласында тұрады. Ал, енді әкеме тартқан көк көз кенжем Әлия Жезқазған қаласында тұрады, тұрмыста. Ауылда жүргенде комбинаттың теміржол цехында еңбек етті. Менің өмірлік қосағым Тиішкүл Жаңабаева сол өзіміздің туған жеріміз Жамбыл облысы, Сарысу ауданының қызы. Екеуміздің қазір 12 немереміз бар.
Өзімнен кейінгі қарындасым Аманкүл Жезқазған қаласында тұрмыста, бала-шағалы, немерелері бар. Одан кейінгі бауырым Рахымбек Жезқазған қаласында тұрады, күзет қызметінде. Рахымбектің ұлдары Жарқынбек, Жұмабек, Наурызбек сол жақтағы «Қазақмыс» корпорациясының бір-бір білікті мамандары, ал қызы Инабат тұрмыста. Тағы бір інім Мейірбек Дәулетбекұлы комбинаттың қорғасын байыту фабрикасында сорғы қондырығысының машинисі болып еңбек етеді. Ұлы Сәулебек Астана қаласында жоғарғы оқу орнында оқиды. Ең кенже інім Жаңабек 27 жасында қайтыс болып кетті. Осы комбинаттың қосалқы көліктер цехында еңбек еткен. Артында қалған ұлы Сәттібек комбинаттың жөндеу-механикалық базасында токарь. Әулеттің кенжесі Шынар Дәулетбекқызы Жаңаарқа ауданында тұрады. Жеке кәсіппен айналысады. Бүгінгі таңда әкем Дәулетбек Мұстафаұлының 42 немересі бар.
Негізі әкемнің өзі тоғыз ағайынды болған. Бір қыз, сегіз ұл. Апалары Балай мен ес білген кезімде қайтыс болды. Ұзын бойлы кісі болатын. Одан кейін Қасымбек, Оспан, Махмұт, сосын менің әкем Дәулетбек, Асықбек, Шәрдәрбек, Әшімбек, Мамытбек.
Әкемнен қалған естеліктер әрине, өте көп. Жалпы өзі суретке түскенді ұната қоймайтын. «Өмірде әділдікпен, тәртіппен, адал жолмен бәріне қол жеткізуге болады» дейтін әкем. Сол ұстанымымен әкем 2006 жылы 98 жасында бұл дүниеден озды. Анам әкемнен бұрын қайтыс болды. Қазіргі таңда біздің өзіміз немере бағып, шөбере күтіп жүрген ақ сақалды аталармыз. Өткен күннің еншісіндегі тарихи сәттерді осындай мақтанышқа, сағынышқа толы естеліктермен бөлісеміз. Әкемнің батырлығы, Отанын қорғау жолындағы еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес, — деп ішкі сырын біраз шерткен Төлеубек Дәулетбекұлына біз алғысымызды айтып, батыр әкесінің бар күш-қайраты, ел алдындағы құрметі артында қалған ұрпақтарына берілсін деп тіледік. Әке аты өлмек емес, артында осындай ұрпақтары барда!
Біз ерлерді ұмытпаймыз!
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.