Кент әкіміне оң баға берілді

Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов халық алдында өткен жылы атқарылған жұмыстары бойынша есебін баяндап, осы жылға, яғни, 2025 жылға жоспарланған ауқымды жобаларын жариялады. Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов төрағалық еткен бұл кездесуге жергілікті халықпен бірге Қаражал қалалық мәслихатының депутаттары, Қаражал-Жәйрем өңірі бойынша халықтың әлеуметтік жағдайына барлық жауапты мекемелердің басшылары, қауымдастық мүшелері қатысты.

Кент әкімі тұрғындармен кездесуін жүргізу тәртібі бойынша 2024 жылда атқарылған жұмыстарына есеп беруден бастады. Қайрат Жансағымовтың баяндауынша есепті кезеңнің қорытындысы бойынша Жәйрем кентінің жалпы бюджеті келесі көлемді құрады: Кіріс – 904 256,0 мың теңге, оның ішінде: салық түсімдері: Жоспар – 77 177,0 мың теңге, орындалуы – 79 731,8 мың теңге, жоспар 103,3% орындалды. Салықтық емес түсімдер (мемлекеттік мүлікті жалға беруден түсетін кірістер және басқа да салықтық емес түсімдер): Жоспар – 5 823,0 мың теңге, орындалуы – 4 880,6 мың теңге, орындалуы 83,8%. Трансферттердің түсімдері (аудан (қалалық) бюджетінен берілетін трансферттер): Жоспар – 821 256 мың теңге, орындалуы – 821 256,0 мың теңге, жоспар 100% орындалды. Бюджет тапшылығы (профициті), бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары – 46 393,0 мың теңге. Есепті кезеңдегі қаржыландыру жоспарының кірістер бөлігі 100,2% орындалды. Шығындар – 950 649,0 мың теңге, орындалуы – 950 642,6 мың теңге, орындалуы 100%.

Сонымен қатар, кент басшысы автокөлік жолдарын күтіп ұстау жұмыстарын мердігер «Айсара» ЖК ұтып алып, көшенің жарық шамдарын қалыпқа келтіру және күтіп ұстау, жолдарды сыпыру және су себу, қар күреу және ықшам аудандардың жолдарын қардан тазалау, жол белгілерін сызу және жол белгілерін ұйғарымға сай орнату, кент көшелерін құмнан, тастан, кездейсоқ қоқыстан тазалау, автокөлік жолдарының бойындағы талдарды қалыпқа сай кесу, аялдамаларды қалыпқа келтіру және күтіп ұстау, 13 автокөлік жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына дайындау барысында ұсақ тастар төсеу т.б. жұмыстар жүргізгенін,

ал, абаттандыру бойынша футбол алаңын салу жұмысын «ABADAN CORPORATION» ЖШС ұтып алып, келісімшарт аясында Шинтуринов көшесі және Ескі Жәйрем ықшам ауданына 2 дана футбол алаңы салынғанын,

Жәйрем кенті кіреберіс аркасын орнату жұмыстарын «Талап Строй Дизайн» ЖШС ұтып алып, кіреберіс арканы қайта жаңарту жұмыстары жүргізілгенін,

қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына қоршау орнату жұмыстарын ЖК «Балабеков» ұтып алып, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қоршау жұмыстарын орындағанын,

пәтерлерді жөндеу жұмыстарын ЖК «Perfect design» ұтып алып, шарт аясында 5 пәтерге (Металлургов көшесі 37/1 үй, 52; 62; 64; 72; 73 пәтерлерге) толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, сонымен қатар, аталмыш үйдің 2 подъезін сырлау, әктеу жұмыстары және сыртқы 2 дана темір есік орнату жұмыстары атқарылғанын,

балалар ойын алаңқайын, спорт алаңдарын және жаттығу алаңдарын күтіп ұстау жұмысын ЖК «Канский» ұтып алып, 27 балалар ойын алаңдарын, 6 жаттығу алаңдарын және 10 спорт, 2 волейбол алаңдарын күтіп ұстау жұмыстарын және ойын алаңдарына ойын құралдарын сатып алып орнату жұмыстарын жүргізгенін,

саябақтар және аллеяларды күтіп ұстау жұмыстарын ЖК «Балабеков» ұтып алып, «Жастар», «Жеңіс» саябақтары, «Шаңырақ», «Домбыра», Жәйрем ГРЭ ықшам ауданындағы аллеяларды күтіп ұстау жұмыстарын және Жәйрем ГРЭ ықшам ауданындағы аллеяда аяқталмай қалған жұмыстарды жүргізгенін,

баннерлерді жасау және орнату жұмыстарын ЖК «Назар» ұтып алып, 14 билбордты сырлау, әктеу, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізгенін,

2-қабатты тұрғын үйлердің сырт келбетін және шатырын жөндеу жұмыстарын «Perfect design» ЖШС ұтып алып, шарт аясында Абай көшесі 1, 3 үйлердің, Металлургов көшесі, 21, 23 үйлердің сыртын сырлау, шатырлау, сыртқы есіктер орнату, балкондарына бір түсті профлист орнату жұмыстарын атқарса,

бағдаршам орнату жұмыстарын «Канский» ЖК иеленіп, Қаражал-Жәйрем қиылыс жолына бағдаршам және 4 дана жаяу жүргіншілер жол белгісін орнатқанын жеткізді.

Кентімізде мердігерлер атқарған жұмыстардың жік-жігін ажыратып, тармақтап, талдап есеп берген әкім, сондай-ақ, көгалдандыру, жарықтандыру, жылумен қамту, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, әлеуметтік сала бойынша бірқатар мәліметтерді талдап, халыққа ашық жеткізді. Сонымен қатар, кент әкімі аппараты мамандарының жұмыстарына да тоқталып, жалпы әкім аппараты қызметіне есеп берді.

Әкім баяндамасынан кейін бүгінгі кездесуге келген жергілікті халық сұрақтарына кезек берілді.

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымының төрағасы, экс депутат Мүбәрак Кәрібаевтың 2022 жылға қарағанда 2024 жылы бюджеттен бөлінген қаражат неге азайғанын, Жәйрем кенті аудан орталығы болуға қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығын, ауызсу сорғыларының 2-3 көтерімдерінің арасында қазба жұмыстарын жүргізген мекеме шұңқырларды неге қайта тегістеп жауып кетпегендігін сұраған сауалына Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов:

– Қаражал-Жәйрем бойынша 2024 жылғы атқарылған жұмыстарға бюджет қаражатының 57,4% Жәйрем кентіне тиесілі болды. Ағымдағы жылдың алғашқы 4 айында атқарылған жұмыстарға бюджет қаражатының 78,5% Жәйрем кентіне жұмсалып отыр, сол себепті аз бөлініп жатыр деп айтуға негіз жоқ. Аудан орталығы болу мәселесін біз облыстық деңгейде көтердік, әрі қарай үкіметке қарауға жіберіледі. Ал, 2-3 көтерімдердің ортасында қазылған шұңқырларды әзірге жаба алмаймыз. Ондай мүмкіндік жоқ, – деген жауабын берді.

Жергілікті қауымдастық мүшесі, № 30 ЖББМ мектептің мұғалімі Майя Карина «Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ Жәйрем кенті бойынша штаттық режимде жауапты маман қажеттігін және бос тұрған үйлердің иесін анықтап шара қолдану керектігін, сонымен қатар, М.Әуезов 2-10 үйлердің апатты немесе жарамды екенін білу үшін сараптама жұмыстары қашан жүргізілетінін, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ғимараты жөндеу жұмыстарын көрмегенін, анализ тапсыруға қолайлы жағдай жасалмағанын, № 30 ЖББМ күрделі жөндеу жұмыстары қашан жасалатынын сұрады.

Бұл сұраққа «Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ басшысы Ербол Мамбетов:

– Бүгінгі таңда Жәйрем кенті бойынша толық штаттық режимде жұмыс істейтін маман бар. Бос тұрған пәтерлерді комиссия түрінде аралап нақты тізім жасалды, алдағы уақытта шара қолданатын боламыз, – десе, Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетов көп қабатты тұрғын үйлерде орналасқан пәтерлердің 51% мемлекеттің меншігінде болған жағдайда экспертиза қорытындысын алуға мүмкіндік бар, бірақ, бүгінгі таңда КҚТҰ жеке меншік болып саналады, сол себепті тұрғындар өз қаражаты есебінен эспертиза қорытындысын алуы керектігін жеткізді.

Ал, № 30 ЖББМ күрделі жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар кеш жасалғанын және алдағы сессиядан қаражат сұрау жоспарланғаны хабарланды.

Жергілікті тұрғын Қабыкен Сүйменовтің «Ауруханамызға МРТ, КТ аппараттары алына ма, заманауи мектеп салу жоспарда бар ма?» деген сауалына ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны және қосымша қабылдау бөліміне де жөндеу жұмыстары жасалатыны, сондай-ақ, МРТ, КТ аппараттарын алу біріншіден қымбатқа түсетіні, екіншіден болған күнде де ақылы негізде болуы мүмкін екендігі және Жәйрем кенті бойынша мектептер толық күрделі жөндеу жұмыстарынан өтетіні, ал, заманауи мектеп салу әзірге жоспарда жоқтығы айтылды.

Келесі бір тұрғын, Жақсыбай Бадигулов Жәйрем кентінің жер үйлер орналасқан аумағына балабақша салып беруді сұрады. Бұл сұраққа кент әкімі Қайрат Жансағымов:

– Жәйрем бойынша 2 балабақша жұмыс жасап тұр, өткен жылы ЖК «Ажар» балабақшасы өз жұмысын бастады және сұранысқа сәйкес қосымша орындар қарастыруға болатынын жеткізді, сол себепті қазіргі уақытта қосымша балабақша ашуға қажеттілік жоқ, – деген жауабын берді.

«Қараусыз иттер балалардың өміріне қауіп төндіреді, ит ату бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр» деген сауалға қала әкімі:

– Қараусыз иттерді аулау бойынша мердігер анықталып, жұмыс басталған болатын, алайда, қала прокуроры тарапынан мердігердің жұмысы тоқтатылды, себеп — қараусыз иттерді уақытша ұстайтын алаңның болмауы. Осы мәселе бойынша бүгінгі таңда жауапты мекемелерге хат жолданып жұмыстар жүргізілуде, алдағы уақытта шешімін табады деген үміттеміз, – деп жауап берді.

Кездесу соңында қала мен кент басшылары кездесуге келген халыққа алғыстарын білдіріп, осы есептік кездесуде көтерілген мәселелі сауалдар бойынша іс-шаралар жоспары әзірленетінін, жоспар бойынша жұмыстар жүргізілетінін, мәселелер үнемі бақылауда болатынын айтты.

Кездесуді қорытындылаған қала әкімі Айқын Елеусізовтің «Бүгін әкімдеріңіз Қайрат Жансағымов берген есепке көңілдеріңіз тола ма, әкімдеріңізге оң баға бересіздер ме?» деген сұрағына жиналған халық бірден қол соғып, оң баға беретіндерін жеткізді. Әрі қарай, қала әкімі кент тұрғындарын жеке қабылдады.

Халық өзі көтере берген бағасын өзі бір сәтте түсіре алады. Сондықтан да, қанатты кеңге жайып, жұмысты бәсеңдетуге болмайды. Әрбір келелі іс оңтайлы шешімін тауып, халық мүддесіне қарай бағытталып, әрбір орындалған және орындалатын жұмыс елдің игілігіне қарай сапалы түрде үлкен адалдықпен, абыроймен атқарылса, көп ілгерілеп, кентіміз жандана да жарқырай түсері де айқын. Халық берген оң бағамен жігерленіп, бүгінгі күннің жұмыс қарқыны еселене түседі деп сенеміз.

Теректі ШАҒАТАЙ