Кеншілік — өмірлік мақтанышым

Кен өндірісі – еліміздің басты саласы. Ал, соның ішінде Қаражалымыз – жерінің асты құтқа, үсті жақсы мен жайсаңға толы рухани, сондай-ақ, өндіріс ошағына айналған қала екеніне ешкімнің дауы жоқ деп ойлаймын. Біздің өңір — кенші өңірі десек артық емес. Аймағымыз үшін кеншілердің орны бөлек, елдің құрметіне бөленетін ең сыйлы мамандық. Қаламыздың алпауыт өндірісі – «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінде жұмыс істейтін кеншілердің басым көпшілігі жастар екен. Оларға жол сілтеп, ақыл айтатын тәжірибелі мамандардың арқасында жұмыс жоспарлы түрде орындалып, өндірістің қуаттылығы жыл санап артып келеді.

Иә, заманымызда өзінің тұла бойына біткен адамгершілік, ізгілік қасиеттерімен дараланып, бар күш-қайратын еңбекке арнайтын нағыз ер тұлғалы, еңбек десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар өте көп. Солардың бірі батылдықты, күш пен кәсібилікті қажет ететін мамандық – проходчик. Осы қиын да қауіпті мамандықтың иесі, Қаражал қаласының тұрғыны Ерлан Қадыров сол ауыр мамандықта талмай 16 жыл абыройлы қызмет атқаруда.
Ерлан Нұрланұлы 1986 жылы 13 ақпанда Орынбор қаласында дүниеге келген. Қарапайым отбасынан шыққан ер-азаматтың жанұясы кейіннен жұмыс бабымен осы кенді өлкеге қоныс аударады. Ел қатарлы мектеп, колледж тәмамдаған сері жігіт, еңбек жолын сонау 2006-2008 жылдары «Қамыс мола» вахталық әдіспен бастаған. Кейін сол жылдардың соңына қарай фабрикаға ауысты. Ал, 2010 жылдан бастап, жер астындағы түрлі қауіп-қатерлерден қаймықпастан өзіне тапсырылған қызметті бұлжытпай орындап келеді. Жер астындағы проходка ең ауыры, ең қиыны болғандықтан нәпақасы да жақсы болу заңдылық. Алайда, жұмыстың ауырлығынан бөлек қауіп-қатері де басым, одан қалды денсаулыққа зиян екенін де ескеру керек.
Дәл осы сұрақты Ерлан мырзаның өзіне де қойып едім: — Жұмыстың жеңілі жоқ, алайда шын көңілмен, ерік-жігеріңмен атқарылған іс ешқашан шаршатпайды, алға басатыны анық, — деп қарапайым жауаппен ғана қайырды.
Кеншілерден ұжымы жайлы сұрай бастасаңыз, кәдімгі өзінің отбасы жайлы айтқандай көсіле сөйлейді. Өмірінің жартысын жанұясына арнаса, әрине, қалған уақытының көп бөлігі жер астында, ұжыммен бірге өткен соң біте қайнасып, біртұтас отбасы болып кететініне дауымыз жоқ. Бір білетінім, бұл мамандық жалқаулардың қолы емес. Ондағы жан қиналатын ауыр жұмысқа нардың нары, жігіттің жігіті ғана шыдайтыны бесенеден белгілі.
Ал, негізгі отбасына келсек, жары – Айзада ханыммен отасқандарына биыл 17 жылға аяқ басқалы тұр. Құдай қосқан жарымен бірге 3 бала тәрбиелеуде. Тұңғыштары Әсем биыл мектеп түлегі. Ал ортаншы ұлы Арнұр 6 сыныпта, кенжесі Алдияр биыл мектеп табалдырын аттаған екен.
Ерлан Нұрланұлы балалық шағын еске түсіретін әндерді тыңдағанды жақсы көреді, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанады. Жұмыстан бос кезінде отбасымен көбірек уақыт өткізуге ұмтылады. Ең бастысы, қарапайым еңбек адамы, кенші екенін — өмірлік мақтанышы санайды. Осы қара жұмыстың арқасында кейіпкерім алғысқа, жақсы марапатқа да бөленуде. Еңбек ескерусіз қалмайды ғой әрқашан. Алайда, кеншілер алғыс немесе марапат үшін талпынып, бәсекелестікке түсіп жатқанын еш уақытта көрмеппіз. Өздерінің жер асты әлемі бар кеншілерде нағыз адал еңбек пен қажырлы қайрат, маңдай тер бар екені айдан анық.
Қауіп-қатердің ішінде қызмет атқаратын кеншілердің еңбегі қашан да мақтауға лайық. Ел экономикасының бір бөлшегін көтеретін кеншілердің қиын да ауыр істеріне, оны мойымастай төзімділікпен атқаратын мамандарға тек қана шексіз алғыс жаудырасың.