Әке ерлігі — ұрпақ мақтанышы

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталып, жеңіске жеткен ұлы күнге де 80 жыл толмақ. Қаншама жазықсыз жанды қыршынынан қиып, бес жыл бойы қантөгіспен қан қақсатып, зар жылатқан сонау зұлмат жылдары ажал құшып не болмаса хабарсыз кеткендердің арасында біздің де жерлестеріміз, ата-бабаларымыз болғаны анық. Олар Отан үшін жан тапсырды, бостандық үшін күресті, ұрпақтарының жарқын болашақтары үшін отқа күйіп, оққа ұшты. Арада қаншама уақыт өтсе де, кешегі күн тарихқа айналып, батырлардың есімдері мұрағатқа салынып жатса да олардың ерліктері ешқашан ұмытылмақ емес, жадымыздан өшпек емес. Ұмытуға да, өшіруге де біз жол бермеуіміз керек.

Миллиондаған тағдырлар опат болған, миллиондаған жандар шейіт болған сол күндерді бастарынан өткерген жандардың арқасында бүгінгі біздің бейбіт аспанымыз бен тыныш өмірімізге қол жеткізіп отырмыз. Өкінішке орай, бүгінгі күні арамызда сол қанды соғысты көрген жандар жоқ. Алайда, олардың арттарында қалған ұрпақтары бар және олар батыр аталарынан, әжелерінен, әке-шешелерінен естіген тарихи естеліктермен бөлісе алады.

Сондықтан да, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы ата-әжелері, әке-шешелері 1941-1945 жылдары соғысқа қатысқан комбинат жұмыскерлерінің естеліктермен бөлісуді ұйғарып, кешегі батырлардың бүгінгі ұрпақтарын іздеп, жергілікті WhatsApp топтарына хабарландыру жазғанымызды айтқан болатынбыз. «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ ардагері Күләш Әбілдәқызы Ержанова өзінің туған әкесі Әбілдә Құлжанұлы Ержановтың Ұлы Отан соғысына қатысқанын және ол туралы естеліктерді әңгімелеуге баратынын жеткізді. Сонымен, Күләш Әбілдәқызының әкеге деген сағынышқа, әке жайлы мақтанышқа да толы естеліктеріне кезек берейік…

Апамыздың айтуы бойынша әкесі Әбілдә Құлжанұлы 1914 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Қараағаш ауылында дүниеге келген. Соғысқа 1941 жылы 27 жасында аттанып, Ленинград жанындағы Волховский майданында соғысқа қатысады. 1943 жылы кезекті бір ұрыста ауыр жараланып, елге оралады. Одан кейін 1943-1947 жылдар аралығында Нұра ауданында еңбек етеді. Спецкомендатураның бастығы болады. 1947-1949 жылдары Алматы қаласында жоғары партия мектебінде оқиды.

— 1952-62 жылдар аралығында Қаражал қаласында тұрдық. Әкем сол жылдары ет комбинатының, ОРС мекемесінің директоры қызметтерін атқарды. 1962-1972 жылдары Байғұл совхозында басқарушы (сол кездегі атауы), директор орынбасары болып еңбек етіп, 1972 жылы Жәйремге қоныс аударып, Жәйрем кенішінде диспетчер қызметін атқарады. Зейнетке шыққанға дейін парткомда қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққаннан соң, жару жұмыстары цехында басшы болды. Әкем 1992 жылы қаңтар айында дүние салды. Әкемнің артында 7 бала, 22 немере, 33 шөбере қалды. Анам 1920 жылы дүниеге келген. Есімі — Балкен. Анам жетімдер үйінде тәрбиеленіп, кейіннен әкесінің інісі Жүніс деген кісі жетімдер үйінен алып, бауырына салған. Әкемнің анасы Нұрбала Есендәулетова екеуі бізді бағып-қағып өсірді.

Қазіргі отырған үйім сол әкемнің өз қолымен тұрғызған үйінің жанынан салынған үй. Әкемнен қалған үйді бауырларымның ұйғарымымен мен иеленген болатынмын. Алайда, әбден тозығы жеткен үйдің жанынан үй тұрғызу қажеттілігі туды. Әкемнің жүрген жері, әкемнің тері тамған жер. Жаңадан қаланған үй болғанымен, мен өзім әкемнің үйінде отырғандай сезімдемін.

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да 25 жылдай еңбек еттім. Қазір зейнеттемін. Менен басқа ағам Қайырбек Әбілдәұлы комбинаттың тау-кен көліктер цехында токарь болып еңбек еткен, бүгінгі күні арамызда жоқ. Ол кісіден қалған балалары Қайсарбек теміржол цехында тепловоз машинисінің көмекшісі болса, Нұрбегі «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Өндіріс техникалық бөлімнің басшысы, Қаражал қалалық мәслихатының депутаты. Үлкен қызы Құралай Жаңа арқа ауданында тұрады. Немере қызығын көріп отырған бақытты ана. Кіші қызы Алтынай энергия цехында еңбек еткен. Өкінішке орай өмірден ерте озды. Енді бір бауырым Айдарбек Ержанов «Үшқатын» кенішінде экскаватор машинисі болған. Қазіргі таңда ол кісі де арамызда жоқ. Айдарбектің ұлы Бексұлтан Әбілдә комбинаттың теміржол цехында вагон құрастырушысы болып еңбек етеді. Ағам Манарбек Әбілдәұлы электрик болған. Марқұм ол кісі де бүгінгі күні дүниеден өтіп кеткен. Бауырым Жандарбек Әбілдәұлы БелАЗ көлігінің жүргізушісі болған. Қазір Алматы қаласында тұрады. Үйдің кенжесі Асылбек Әбілдәұлы осы Жәйремде тұрады. Мал шаруашылығымен айналысады

Әрине, кешегісіз бүгін жоқ. Әкемнің Отан алдындағы борышын адал атқаруы, соғыс бітсе де соғыс сызаттарын өшіруге, қирап сынғандарды қалпына келтіруге аянбай тер төгуі, кейіннен де халықтың қамы үшін аянбай еңбек етуі үлкен ерлік деп айтар едім. Әкемнің ерлігін кейінгі ұрпағына аңыз ғып айтамын. Әкем тәрізді миллиондаған жастардың Отан үшін ерлік жасағандарын, сол кісілердің арқасында бүгінгі бейбітшілік заманда отырғанымызды айтамын. Биыл енді сол сұрапыл соғыстың жойылып, Ұлы Жеңіске жеткен күнге 80 жыл толып отыр. Сол зұлматты жылдары ерлік жасаған жандардың қазір арамызда санаулы ғана қалуы әрине, жүректі сыздатады. Мәңгілік ешкім жоқ. Сол аталарының ерліктерімен, қыршын қиылған жандарымен келген бүгінгі бейбіт күннің қадірін осы өскелең ұрпақ білсе екен, түсінсе екен деймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — дейді кешегі батырдың бүгінгі көзі Күләш апай.

Артында қалған бауырларының, ұрпақтарының мақтанышпен еске алатын асылдары Әбілдә Ержанов атамызды тек Ержановтар, Құлжановтар ғана емес, біз де мақтан тұтамыз. Бүгін аттары аталғанымен арамызда жоқ жандардың жандары жәннатта болсын, топырақтары торқа болсын!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары