Күз сырына толы сұлулық сахынасы

Күз – табиғаттың алтын түске боялып, ерекше көрікке енген, шабыт пен сұлулыққа толы мезгіл. Осы бір көркем кезеңде Жәйрем кентінде «Күз ханшайымы-2025» байқауы жоғары деңгейде өтті. Байқауды № 12 кітапхана-филиалы ұйымдастырып, жәйремдік оқушылардың шығармашылық әлеуетін тағы бір мәрте паш етті.

Байқаудың басты мақсаты – оқушылардың өнерге, табиғатқа, сұлулыққа деген сүйіспеншілігін арттыру, сахна мәдениетін қалыптастыру және кітапхана мен мектеп арасындағы мәдени байланысты нығайту болды.

Шараға кенттегі жалпы білім беретін мектептердің 8-сынып оқушылары қатысып, төрт кезең бойынша, нақтырақ айтсақ, таныстыру, күзгі сән көрсетілімі, шығармашылық өнер және «Күз сыры» викторинасы бойынша бақ сынады.

Әр қатысушы өзіндік ерекшелігімен, тапқырлығымен, сахнадағы еркін жүріс-тұрысымен және табиғатқа деген нәзік көзқарасымен көрермендерді тәнті етті. Әсіресе, табиғи материалдармен безендірілген сән үлгілері мен күз тақырыбындағы шығармашылық қойылымдар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде – «Күз хан шайымы-2025» атағы № 10 мектептің оқушысы Еркеназ Ерболға табысталды.

— Бұл байқауға қатысу мен үшін үлкен мәртебе болды. Күз – менің ең сүйікті мезгілім. Табиғаттың әрбір бояуы, жапырақтың сыбдыры мені шабыттандырады. Осындай мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді Еркеназ.

ІІ орын – «Көрермен көзайымы» номинациясы № 30 мектептің оқушысы Әдемі Рамазановаға бұйырды.

— Көрермендердің қолдауы мені қанаттандырды. Әрбір бөлімде өзімді еркін сезініп, күздің сұлулығын жүрегіммен жеткізуге тырыстым, – дейді Әдемі.

ІІІ орын – «Ең сәнді бейне» номинациясымен № 11 мектептің оқушысы Еркемай Әкімова марапатталды.

— Менің киім үлгімде күздің барлық реңктерін көрсетуге тырыстым. Жапырақтар мен дәндерден жасалған сәнім – табиғатпен үндестіктің белгісі болды, – дейді Еркемай.

Шара соңында кітапхана ұжымы барлық қатысушылар мен көрермендерге алғысын білдіріп, осындай шығармашылық кештердің жастардың рухани дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті.

Теректі ШАҒАТАЙ.