Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы жұмыскерлердің бос уақыттарын пайдалы және көңілді өткізуге тырысады. Сондай мақсатта өткен сенбі күні кәсіподақ мүшелері мен зейнеткерлері арасында «Мен балықшымын» сайысы ұйымдастырылды.
Құрамы үш адамнан тұратын 18 команда таңсәріден Сарысу өзеніне жол тартты. Сайысқа қатысушылар құрал-жабдықтарын алып, балық аулауға сайланып жатқанда, кәсіподақ мамандары самаурынға шай қойып, тіскебасар әзірлеп жатты. Кәсіподақ ұйымының төрағасы Мүбәрак Кәрібаев, комбинаттың Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Қойшыбаев, Әлеуметтік қолдау бөлімінің бастығы Ақтоты Жазыбекова, Жастар кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Темірболатов барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс басталысымен санаулы минуттардан кейін комбинаттың Еңбекті қорғау және қауіпсіздік инженері Александр Тютькин алғашқы балықты ұстап, «Ең алғашқы балықты аулаушы» номинациясын иеленді. Жәйремдік өндірісшілер керемет көңіл-күймен 3 сағат бойы балық аулап, шамамен 1 кг салмақтағы шортан ұстаған полиметалл байыту фабрикасының жұмыскері Самат Ақтаев «Ең ірі балықты аулаушы» номинациясын иеленсе, «Ең үздік бұрғылаушы» номинациясын мұзды 16 секундта жарып шыққан Техникалық күтіп қарау және жөндеу жұмыстары басқармасының жөндеуші слесарі Алмаз Өмірбеков алды. Ауланған балықтар өлшеніп, салмақтары бойынша І орынды Теміржол цехының балықшылары Ақжайық Нұрлыбаев, Сәкен Төлеушин, Мұхаммед Жәнібеков, ІІ орынды «Жәйрем» кенішінің балықшылары Берік Асанов, Дастан Сүйменов, Ерқанат Еркінұлы, ІІІ орынды Полиметалл байыту фабрикасының балықшылары Нұрлан Мұсаев, Руслан Агедилов, Самат Ақтаев иеленді.
Аталған сайысқа қатысқан комбинат зейнеткерлері арасында жүлделі І орынды өндірісші ардагер, 73 жастағы әже Лидия Дьякивнич жеңіп алып, диплом мен кубокқа және бағалы сыйлықтарға ие болды. Балықшы әже сонымен қатар, «Балық әже» номинациясына ие болып, арнайы сыйлығын алды. Сайыс соңында барлық балықшылар өзен бойына сенбілік жүргізді.
Жұмыскерлер мен зейнеткерлерге осындай демалыс сыйлап, татулыққа, бірлікке, ұйымшылдыққа тартып, керемет көңіл-күй сыйлаған Кәсіподақ ұйымына және комбинат басшыларына үлкен алғыс айтамыз.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Жәйрем кен байыту
комбинаты» АҚ
Бастауыш Кәсіподақ ұйымы
төрағасының орынбасары.