Елімізде кәсіпкерлікті дамыту – экономиканың тұрақты өсуінің маңызды тетігі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында кәсіпкерлікті, әсіресе, шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыруды басты міндеттердің бірі ретінде айқындады. Президент атап өткендей, банк жүйесін реформалау, сандық активтер экожүйесін дамыту, және шағын қамтылған кәсіпкерлікті қолдау — экономикалық өсу үшін аса маңызды. Осы бағытта Қаражал қаласында жүйелі жұмыстар жасалуда.
2025 жылдың алғашқы алты айында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1254 бірлікті құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3%-ға артық (2024 жылдың 6 айы – 1217 бірлік). Бұл көрсеткіш өңірде кәсіпкерлік белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді.
2025 жылғы 16 маусымда Қаражал қаласында «Бір ауыл — бір өнім» аймақтық көрме-байқауы өткізілді. Көрмеде Қаражал қаласының кәсіпкерлері өнімдерін көпшіліктің назарына ұсынып, өңірдің өндірістік әлеуетін айқын танытты. Көрме қонақтарына қолөнер бұйымдары, тамақ өнімдері, тоқыма, құрылыс және шаруашылық тауарлары ұсынылды. Сонымен қатар, көрмеде қалада салынып жатқан және қайта жаңғыртылып жатқан маңызды нысандардың макеттері таныстырылды.
Биылғы жылы жас кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы игі бастамалар өз жалғасын табуда. Атап айтқанда, қала әкімінің бастамасымен берілетін гранттардың көлемі биыл 25 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл – өз ісін енді ғана бастаған жас кәсіпкерлер үшін үлкен демеу ғана емес, арманындағы жобасын шындыққа айналдырып, бизнесті кеңейтуге жол ашатын нақты мүмкіндік.
Сондай-ақ, жақында әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін Қаражал-Жәйрем өңірінен 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грантқа үміткер 3 азаматтың бизнес-жоспары мақұлданды.
Бүгінде елімізде ауылдық жерлердің әлеуетін арттыру, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның айқын дәлелі ретінде мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асқан 27 жобаны атап өтуге болады.
Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 27 кәсіпкерге жалпы құны 20,9 миллион теңге болатын жеңілдетілген несие берілді. Бұл – ауыл тұрғындарына кәсіп ашуға, өз ісін жүргізуге зор мүмкіндік берген маңызды қадам.
Қорытындылай келе, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын қолдау бағытындағы нақты шаралар өңір экономикасын дамытуға жаңа серпін беруде. Бұл – Президент Жолдауында көрсетілген тапсырмалардың сәтті жүзеге асырылып жатқандығының айғағы. Алдағы уақытта да кәсіпкерлікті жүйелі қолдау жалғасып, еліміздің экономикалық әлеуеті арта беретініне сенім мол.
Марат САТАНОВ,
«Қаражал қаласының кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі» ММ басшысы.