Кәсіпкерлік – өңір дамуының қозғаушы күші

Бүгінде еліміздің экономикалық дамуының басты тетігі – кәсіпкерлік. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдау шаралары күшейіп, өңірлерде жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Қаражал қаласында да кәсіпкерлер белсенділігі артып, жаңа өндіріс орындары мен әлеуметтік жобалар жүзеге асып келеді. Осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткізіп жүрген құрылымның бірі – Қаражал қалалық кәсіпкерлерді қолдау палатасы. Жуырда біз осы палатаның төрайымы Гаухар Матеновамен кәсіпкерлікті дамыту, бизнесті қолдау тетіктері және алдағы жоспарлар жөнінде әңгімелескен едік.

– Алдымен Қаражал қаласындағы Кәсіпкерлер палатасының қазіргі жұмысы мен негізгі бағыттары туралы айтып өтсеңіз. – Қаражал қаласындағы Кәсіпкерлер палатасы – Ұлытау облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасының құрылымдық бөлімшесі. Біздің басты мақсатымыз – кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, бизнестің дамуына әкімшілік және құқықтық тұрғыдан қолайлы орта қалыптастыру. 2023 жылдың ақпан айынан бастап біздің филиал Ұлытау облысының ӨКП құрамында қайта құрылды. Осы уақыттан бері кәсіпкерлікті сервистік қолдау, әкімшілік кедергілерді азайту, жобаларды сүйемелдеу және адами капиталды дамыту бағыттарында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз.

– 2025 жылдың тоғыз айындағы негізгі нәтижелер қандай болды? – 2025 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қаражал қаласында 1312 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп. Оның ішінде 103 – шағын кәсіпкерлік заңды тұлға, 1014 – жеке кәсіпкер, 194 – шаруа қожалығы. Бүгінде өңірде 1000-нан астам жұмыс орнын қамтитын екі ірі кәсіпорын — «Өркен Атасу» ЖШС және «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ жұмыс істейді. Сонымен қатар, 1000-нан аз қызметкері бар бес шағын кәсіпорын бар. Ал 6 айда түскен төлемдердің жалпы көлемі 9,8 млн теңгеден асты, бұл жылдық жоспардың 60 пайызын құрайды.

– Кәсіпкерлерді қолдауда қандай нақты жобалар мен бастамалар іске асырылды? – Біздің филиал биылғы жылы 144 клиентке 720 кеңес берді. Оның ішінде бухгалтерлік, заңгерлік және мемлекеттік бағдарламалар бойынша консультациялар бар. 12 бизнес-жоспар әзірленді. Айына екі рет 65 шақырым жердегі Жәйрем кентіне барып, кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, өтінімдер қабылдау және құжат рәсімдеу бойынша қызмет көрсетеміз. Бұған қоса, 2025 жылы «Мен кәсіпкер» бағдарламасы аясында SMM ілгерілету курстары басталды. Бұл курсқа 50 адам қатысып, әлеуметтік желілерде өз өнімдерін тиімді насихаттау бойынша білім алды.

– Қаржыландыру мен жобаларды сүйемелдеу қалай жүзеге асып жатыр? – Қазір филиал арқылы 22 жоба сүйемелденіп жатыр. Оның ішінде: «Ұлытау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 11 жоба бар, 3 жоба жалпы сомасы 29,4 млн теңгеге қаржыландырылды; «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 17,3 млн теңгеге 1 жоба қаржыландырылды; «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 5 млн теңгеге 1 жоба іске асты. Сондай-ақ, 400 АЕК көлеміндегі гранттық қаржыландыру бойынша 7 кәсіпкердің жобасы мақұлданды. Олар ұлттық киім тігу, бетон өндірісі, сұлулық салоны, сүт өнімдері мен ұлттық кәдесыйлар жасау бағыттарында жұмыс істеуде. Ал «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы бойынша 23 жоба сүйемелденді, олардың 8-і облыстық кезеңнің финалына өтті.

– Палата кәсіпкерлермен және билік органдарымен өзара әрекеттесуді қалай ұйымдастырады? – Біз үшін ең маңызды бағыт – әкімшілік кедергілерді азайту және кәсіпкерлердің өтініштерін шешу. Есепті кезеңде 13 өтініш қаралып, барлығы оң шешімін тапты. Мысалы, 6 өтініш жер телімдерін бөлуге қатысты болса, 3 – электр энергиясы мәселесі бойынша, тағы екеуі тариф пен коммуналдық қызметке қатысты болды. Біздің филиалда кәсіпкерлер кеңесі белсенді жұмыс істейді. Кеңес 7 кәсіпкерден тұрады, оның төрайымы – жеке кәсіпкер Сабира Әлібаева. Жыл басынан бері кеңестің 9 отырысы өтіп, баға тұрақтылығы, тарифтер, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және гранттық бағдарламалар талқыланды.

– Жергілікті кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру және жастарды кәсіпке тарту бағытында қандай жұмыстар атқарылды? – «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында біз мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған өндірістік экскурсиялар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастырдық. Мысалы, «Өркен-Атасу» ЖШС, «Karazhal Operating» және авариялық-құтқару қызметі базасында оқу-тәжірибелік танысу шаралары өтті. Оқушылар өндіріс процесін өз көзімен көріп, мамандармен сұхбаттасты. Сондай-ақ, Қаражал тау-кен техникалық колледжінде Junior Skills «Көңілді шеберлер» атты байқау өткіздік. Бұған қоса, колледж бен «Жәйрем КБК» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, тау-кен саласына кадр даярлау ісі жаңа деңгейге көтерілді.

– Әлеуметтік және қоғамдық бағыттағы бастамалар да аз емес сияқты. – Иә, біз үшін бизнес тек табыс көзі емес, қоғамға пайдалы ортақ іс. Палата кәсіпкерлермен бірлесіп Наурыз мейрамы, Жеңістің 80 жылдығы, 1 маусым – Балаларды қорғау күні, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қайырымдылық және экологиялық шаралар өткізді. Мысалы, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік көмегі көрсетілді, балаларға 1400 балмұздақ таратылды, қала маңындағы аумақтар тазартылды, тыл еңбеккерлеріне сыйлық себеттер табыс етілді.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай? – Біз өзімізге үлкен мақсат қойдық – Қаражал мен Жәйрем өңірінде бизнеске барынша қолайлы орта қалыптастыру. Екінші жартыжылдықта кәсіпкерлерге арналған қаржыландыру форумдары, оқыту семинарлары, жер қатынастары бойынша консультациялар апталығы жоспарланған. Біздің негізгі ұстанымымыз – кәсіпкердің сенімін ақтау. Яғни, палата – әр кәсіпкер кез келген мәселе бойынша көмек пен кеңес алуға болатын сенімді серіктес болуы тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет. Істеріңізге табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан: Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.