Жәйрем кентіндегі «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның теміржол цехында жүктерді қабылдап-өткізуші болып еңбек етіп жүрген Шәрипа Асқарова – адалдық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі. Биыл оның осы салада үздіксіз еңбек етіп келе жатқанына 33 жыл толып отыр. Бұл – бір адамның өміріндегі тұтас дәуір, ал еңбек жолындағы табандылық пен жауапкершілік – нағыз кәсіби шеберліктің көрінісі.
Шәрипа Баққалиқызы – еңбек жолын қарапайым балабақша тәрбиешісі ретінде бастағанымен, өмірдің ағысы оны өндіріс пен теміржол саласына алып келді. Қызылжар станциясында дүниеге келген ол 1988 жылы орта мектепті аяқтаған соң, туған ауылындағы балабақшада қызмет атқарды. Алайда, тағдыр оны Жәйремге жетелеп, жаңа кәсіби белестерге жол ашты.
1992 жылы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның теміржол цехына жүктерді қабылдап-өткізуші болып жұмысқа орналасып, содан бері бір сәтке де өз мамандығына деген сүйіспеншілігін жоғалтқан емес.
Жүк қабылдап-өткізушінің жұмысы – аса жауапты міндет. Шәрипа апамыз өндірістен шығып, вагондарға тиелген кенді ресімдеп, келесі станцияға жөнелтеді. Сонымен қатар, «Жомарт» станциясынан комбинатқа келетін жүктерді қабылдап, тиісті бөлімшелерге бағыттайды. Вагондардың пломбасын, жүктің көлемін тексеру үшін цистерналарға шығып, әрбір детальді мұқият қарап шығу – оның күнделікті жұмысының бір бөлігі.
Шәрипа апамыздың еңбек жолы – тек кәсіби табыстармен ғана емес, өмірлік сынақтармен де өрілген. 1993 жылы комбинатта бірге жұмыс істеген Есіркеп Искаковпен шаңырақ көтеріп, өндірісте бірге жүріп, ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Өкінішке қарай, жолдасы өмірден ерте озған. Бірақ, Шәрипа апамыз сынбай, сыр бермей, сүйікті кәсібіне қайта оралып, ұлдарының болашағы үшін еңбек етуді жалғастырды.
Бүгінде тұңғышы Сұлтанбек – «Жәйрем» кенішінде ауысым шебері, ал Нұрхаты — полиметалл байыту фабрикасында еңбек етеді.
Теміржол саласы – Шәрипа апамыздың отбасылық мұрасы десек те болады. Әкесі Баққали мен анасы Гүлжамал да осы салада еңбек еткен. Әкесі Баққали – теміржолшылардың демалыс үйінде күзетші, анасы Гүлжамал – жұмыскерлердің арнайы жұмыс киімдерін жуып-тазалаушы болған. Бұл күнде екеуі де өмірден озғанымен, олардың еңбек жолы Шәрипа апамыздың өмірінде үлкен із қалдырған.
Шәрипа Баққалиқызы – сегіз ағайындының төртіншісі. Туыстарының көбі әр салада еңбек етіп, өмірден өз орындарын тапқан. Кенже сіңлісі Айжан Асқарова да апасының жолын қуып, тау-кен саласында, яғни, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да конвейер машинисі болып жұмыс істейді.
Шәрипа апамыздың бос уақыты – отбасысына арналады. Екі ұлына дәмді тағамдар әзірлеп, үйдің жылуын сақтап отыру – оның өмірлік қуанышы. Ал еңбек жолындағы алғашқы тәлімгері Зүбайра (Айнаш) Сұлтаналина мен әріптестері Айым Ускенова, Алтыншаш Жумадильдина, Бикен Жумадильдина, Роза Рахметова – оның кәсіби қалыптасуына үлкен үлес қосқан жандар.
– Менің мамандығым – менің мақтанышым, теміржол – жай ғана жұмыс орным ғана емес, бұл менің өмірімнің бір бөлшегі. Бұл мамандық маған жауапкершілікті, ұқыптылықты және табандылықты үйретті. Жүктерді қабылдап-өткізуші болу үлкен жауапкершілік пен мұқияттылықты талап етеді. Әр вагон, әр құжат менің қолымнан өтеді. Кенді дұрыс рәсімдеп, уақытылы жөнелту – өндірістің үздіксіз жұмыс істеуінің кепілі. Бұл жерде қателікке жол жоқ.
Мен үшін әр жұмыс күні жаңа сынақ, жаңа жауапкершілік. Бірақ, осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Теміржолдың әрбір дыбысы, вагондардың қозғалысы менің жүрегіме жақын. Бұл салада еңбек ету – мен үшін абырой. Өз ісімді сүйемін, себебі, әрбір жұмыс күнім ел игілігіне қосқан үлесім, – дейді Шәрипа Баққалиқызы.
Теміржол цехында бірнеше басшы ауысса да, Шәрипа апамыз әрқайсысымен тіл табысып, өз ісін мінсіз атқарды. Орал Мұхамеджанов, Жәлел Тұрсынбаев, Шохат Қадірсізов, Нұрбек Құлжанов сынды басшылардың қарамағында еңбек етіп, тәжірибе жинақтады. Қазіргі басшысы Ғазиз Жақсыбаев та оның еңбегін жоғары бағалап: «Шәрипа апамыз – теміржол цехының тірегі, өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары», – деп мақтанышпен айтады.
Шәрипа Асқарова – тек еңбек адамы ғана емес, ұрпаққа үлгі болар тұлға. Оның өмір жолы – қарапайымдылық пен қажырлы еңбектің, адалдық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА