Көшбасшы әйелдер жаңа Конституцияны қолдады

Елордада «Әйел әлемі – ел тағдырына жауапкершілік» атты форум өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген жетекші әйелдер қатысты. Форум жұмысына Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов және Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.

Ұлытау облысынан келген 31 делегаттың қатарында Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспанова мен қалалық мәслихат депутаты Гаухар Наурызбаева қатысып қайтты. Олар еліміздің көшбасшы әйелдерінің басы қосылған бұл форумнан ерекше әсер алып оралды.

Форум барысында Ерлан Қошанов қоғамдағы әйелдердің рөлі, олардың жауапкершілігі мен құндылықтарының жаңа Конституция принциптерімен үйлесетінін атап өтті. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білімді әрі дамыған ұлт қалыптастыруға бағытталған ұстанымдарына тоқталды.

Аида Балаева жаңа Конституция жобасының әлеуметтік мемлекет қағидаттарын күшейтуге бағытталғанын және бұл өзгерістердің халықаралық ұйымдар тарапынан оң бағаланғанын айтты. Делегаттар жаңа Конституция жобасында цифрлық қауіпсіздік, білім мен ғылымды дамыту, отбасы институтын қолдау, инклюзивті білім беру, медицина қызметкерлерін қолдау мәселелері қамтылғанын атап өтті.

Форумда әйелдер бастамашы болған бірқатар заңдар мен жобалар да сөз болды. Олардың қатарында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, психологиялық қызметті дамыту, ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау және аутизмді ерте диагностикалау жөніндегі бастамалар бар.

Жаңа Конституция жобасында отбасы институтын қорғау, дәстүрлі құндылықтарды сақтау, әйелдердің құқықтарын қорғау және «қыз алып қашу» әрекеттері үшін жауапкершілікті күшейту нормалары енгізілгені де айтылды.

Сондай-ақ форумда елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің маңызы қозғалды. Мәжіліс спикері әлемдегі геосаяси жағдайға тоқталып, тыныштық пен бірліктің стратегиялық мәнін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция билік тармақтарының өкілеттіктерін нақтылау арқылы басқару тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Форумда жаңа Конституция жобасында жеке деректерді қорғау, білім мен инновацияға стратегиялық басымдық беру, ана мен баланы қорғау, инклюзивті білім беруді жетілдіру, медицина қызметкерлерін қолдау және жеке меншікті қорғау сияқты нормалар қамтылғаны да айтылды.

Форум барысындағы пікір алмасулар, тәжірибе бөлісулер, түрлі өңірден келген белсенді әйелдердің ой-пайымы қатысушыларға үлкен шабыт сыйлады.

– Қоғамдық салада атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы мен маңызын сезініп, өз қызметіме деген жауапкершілігімнің бұрынғыдан да артқанын аңғардым. Жаңа көзқарастар мен ұсыныстар болашаққа деген сенімді күшейте түсті. Іс-шара барысында волонтерлік қозғалысты дамыту, қоғамдық бастамаларды қолдау және ақпараттық кеңістіктегі мәдениетті көтеру бағытындағы пікірлер мені ерекше қызықтырды. Бұл тақырыптар менің қоғамдық қызметіммен де сабақтас болғандықтан, тың идеялар алып, жаңа жоспарлар құруыма себеп болды. Мен, халық қалаулысы ретінде, Жәйрем кентіндегі «Өндіріс волонтерлері», «Мейірімді аналар» топтарының жетекшісі әрі «Аналар кеңесінің» мүшесі ретінде, жер қойнауын игеріп жатқан еңбек адамдарының кәсіподағы өкілі ретінде қоғамға қызмет ету – үлкен мәртебе екенін терең сезінемін. Қандай бастама болмасын, ел игілігіне бағытталса, оны қолдауға әрдайым дайынмын. Форумнан алған әсерім – болашаққа деген сенімімнің нығая түсуі. Қызмет жолында жаңа серпін алып, қоғам үшін пайдалы істерге белсенді атсалысуға ынталанып қайттым. Осындай кездесулердің адамға күш-қуат беріп, ортақ мақсатқа жұмылдыра түсетіні қуантады, – дейді депутат Гаухар Наурызбаева.

Теректі ШАҒАТАЙ.