Күш пен рух мерекесі

«Казцинк» компаниясы тек өндірістік жетістіктерімен ғана емес, сонымен қатар, өз қызметкерлерінің әлеуметтік әл-ауқаты мен бос уақытын тиімді ұйымдастыруымен де ерекшеленеді. Бұл бағыттағы жұмыстарда кәсіподақ ұйымының рөлі айрықша. Олар ай сайын ұйымдастыратын спорттық және мәдени шаралар арқылы ұжымдық рухты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауда.

Металлургтер күніне орай ұйымдастырылған кезекті шара – нағыз батырлық пен табандылықтың көрінісі болды. Бұл жолы өндірісшілер арқан тарту, таусоғарлар сайысы және шағын футболдан бақ сынасты.

Арқан тарту жарысында ерлер арасында І орынды «Жәйрем» кенішінің мықты жігіттері жеңіп алса, ІІ орын – көліктер цехының командасына, ІІІ орын – жылу және сумен жабдықтау цехының спортшыларына бұйырды. Әйелдер арасында теміржол цехының қыздары үздік атанып, техникалық бақылау бөлімі мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің арулары жүлделі орындарды өзара бөлісті.

Таусоғарлар сайысы – нағыз ерлік пен төзімділіктің сыналар сәті. Қатысушылар Hitachi жүк тиегіші мен Mercedes көлігін қолмен сүйреп, ауыр снарядтар мен бөшкелерді лақтырып, алып дөңгелектерді домалатты. Бұл жарыста І орынды «Жәйрем» кенішінің батырлары, ІІ орынды полиметалл байыту фабрикасының жігіттері, ІІІ орынды көліктер цехының командасы иеленіп, лайықты марапаттарға ие болды.

Шағын футбол жарысы да тартысты өтті. Жаңбырлы ауарайына қарамастан, алаңда жанкештілікпен ойнаған командалар арасында полиметалл байыту фабрикасының №1, №2 және №4 командалары жүлделі орындарды иеленді. Айта кету керек, жарысқа қатысқан он шақты команданың төртеуі осы фабрикадан болды.

Бұл спорттық шаралар – тек жарыс емес, ұжымдық бірлік пен достықтың, кәсіподақ ұйымының белсенділігінің айқын көрінісі. Жәйрем комбинатының өндірісшілері спорт залдарында тұрақты жаттығып, ай сайынғы жарыстарға белсенді қатысады. Ардагер спортшылар мен жас мамандардың қатарласа өнер көрсетуі – ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі.

«Казцинк» – тек өндіріс емес, өмір салты!
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.