Көркем мінез иесі

Қарапайымдылық. Еңбекқорлық. Аңқылдақтық. Бауырмалдылық. Жайсаң мінезділік… Осындай ізгі қасиеттер Тәкеңнің тұла бойына дарыған мінез екенін қаламыздың кез келген тұрғыны айтып бере алады. Тәкең деп отырғаным Талғат Ахмедин, Қаражал халқы оны «Яша» деп еркелетеді. Яғни, анасының ғана емес, Қаражалының да еркесі, әрі серкесі.

Талғат аға Еуразия жүрегі – Астана қаласында 1967 жылы 9 қаңтарда дүниеге келген. Сол жылдың күз айында түгел отбасымен осы қазыналы Қаражалға көшіп келіп, осында өніп, өскен екен. 1974 жылға дейін қара шаңырақ – №1 жалпы білім беретін орта мектепті тәмамдап, қаламыздағы қазіргі тау-кен техникалық колледжін ойдағыдай аяқтаған. Сондай-ақ, Қарағанды политехникалық тау-кен колледжінің де түлегі. Содан кейін Отан алдындағы борышты аман-есен өтеп, 1987-1989 жылдары еңбек жолын АТП, яғни, автокөлік кәсіпорнында бастайды. Кейін 1989 жылдан бастап қаламыздың алпауыт өндірісі «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінде міне, бүгінгі күнге дейін, яғни, 35 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Қазіргі лауазымы жөндеу шеберханасының цехында мастер болып жұмыс атқарады. 10 шақты ғана адамнан тұратын кішігірім цехтың ұжымы да бір отбасындай болып кеткені таңғалдырмайды. Өз ұжымын әлбетте Тәкең мақтай жөнелді.
Айтпақшы, Талғат Сейілхан­ұлының жұбайы Сәлима ханым да дәл осы кәсіпорында 20 жылдай қызмет атқаруда. Ол кісінің мамандығы – медбике. Сәлима ханым кішкентай қаламыздағы мықты массажист. Аялы алақаны қаншама жанның жанына батқан дертінен емдеп, Алла жіберген шипаны қондырған. Әсіресе, аналар арасында Сәкең танымал, өйткені, қаншама сәбилер осы кісінің шипалы алақанына зәру. Сәлима ханым массаж жасай отырып, анаға сәбиінің дұрыс дамуы үшін көптеген пайдалы кеңестерін, тіпті, қолындағы дәрі-дәрмегін де аямайды. Талғат аға мен Сәлима ханымның Алла берген 3 баласы бар. Алайда, жас та болса, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ерлі-зайыпты қазіргі таңда ата-әже атанған жайлары да бар. Талғат ағаның қолында өзінің баға жетпес байлығы, Гүлбағыш апа – аяулы анасы да бар. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, үйлеріне бара қалсаң, төрде отырған ақ әжені көріп, көңілің қуанып қалады. Шаңырақта ізгілік оты, бір жылулық маздап тұрады. Тәкеңнің екі гүлі сыртта тұрмыста, балалы-шағалы. Ал, бір түйір ұлы Әсеті үйленген, оның да 3 баласы бар. Әсет те ата-анасының маңдай терімен адал нанын тауып отырған кәсіпорында жұмыс істейді.
Қарапайым еңбек адамы Талғат аға, кенші екенін өмірлік мақтанышы деп санайды. Осы қара жұмыстың арқасында алға жылжып, отбасын адал еңбекпен өсіріп, өндіріп, берекеге кенелуде. Кеншілер алғыс немесе марапат үшін қандай да бір әрекет жасап, бәсекелестікке түсіп жатқанын еш уақытта көрмеппіз. Өздерінің жерасты әлемі бар кеншілерде нағыз адал еңбек пен қажырлы қайрат, маңдай тер бар екенін біз қарапайым халық болып білеміз, бағалаймыз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ