Дүйсенбі күні облыс әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ кезекті аппарат жиынын өткізді. Онда халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және Ұлттық жобалар шеңберінде жұмыс орындарын құру шаралары туралы мәселе қаралды. Жиында сондай-ақ, 2022-2023 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы, білім беру ошақтарының алдағы оқу жылына әзірлік ахуалы, қатерлі індеттің таралуына тосқауыл қою талаптары зерделенді. Аймақ басшысы бұл мәселелердің аса маңыздылығын айрықша атап өтті.
Халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша Ұлытау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зина Ақылбекова баяндады.
Жалпы, өңірде жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал ететін шаралар ішінде «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар шарты», зейнет алдындағы жастағыларға «Күміс жас», түлектерге арналған «Жастар тәжірибесі», қоғамдық жұмыстарға орналастыру, халықтың осал топтарына арналған әлеуметтік жұмыс орындары сияқты жобалар іске асырылып жатыр. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамыту бойынша қайтарымсыз, арнайы гранттар бөлінеді. Оның жалпы сомасы – 300 млн. 174 мың теңге. Мұның 166-ы – халықтың осал топтарына, 79 грант жастарға арналған.
Бұдан бөлек, облысымызда жастарға арналып әкім гранты да бөлінуде. Оның сомасы 100 млн. теңгені құрайды.
«Бұл шаралардың барлығы да жұмыссыздық деңгейін төмендетуге өзіндік үлесін қосуы тиіс» деп атап өтті облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Орайы келгенде айта кетейік, жұмыспен қамтудың электронды биржасында 103 кәсіпорында 516 бос жұмыс орыны бар екен. Оның ішінде білім беру саласына – 94, денсаулық сақтау саласына – 15, техникалық салаға – 36, экономика саласына 15 орынға мамандар қажет.
Облыс әкімі аталған мәселені шешу үшін мамандарды тартудың тиімді тетіктерін қарастыруды тапсырды. «20212025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасының елді мекендерде іске асуы осы бағыттағы жұмысты жандандыруды қажет етеді. «Күміс жас», «Ұрпақтар шарты», гранттар бөлу жобаларының орындалысы барлық қала, аудандарда тұралап тұр. Өңір басшысы әкімдерден халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер ететін осындай жобалардың сапалы әрі тиімді орындалуын талап етті.
Ұлытау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Жандарбековтың ақпараты бойынша Ұлытау облысы аумағында 2022-2023 жылдардың жылу беру маусымына энергетикалық және коммуналдық кәсіпорындарды дайындау жұмыстарына барлығы 21 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Жөндеу шараларымен 124 жылу беру көзі, яғни, Жезқазған қаласында 1 жылу-электр орталығы, Сәтбаев қаласында 2 жылу станциясы және қалған қалалар мен аудандарда 121 жылу қазандықтарын дайындау жобасы қарастырылған. Басқарма басшысының мәліметінше, жылыту маусымына дайындық кестеге сай жүргізілу үстінде.
Аймақ басшысы аталған мәселеге жан-жақты қарап, барлық елді мекендердегі дайындық жұмыстарын арнайы жұмыс тобын құрып, көзбен көріп өту қажет екенін тапсырды.
Орайы келгенде айтып өтейік, биылғы жылы Жезқазған жылу-электр орталығында 2 қазандық пен 1 турбина күрделі жөндеуден өтеді, 1 қазандыққа кеңейтілген жөндеу, 4 қазандық пен 4 турбинаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін Жезқазған жылу-электр орталығында бір қазандықты ауыстыру жоспарлануда.
Облыс әкімі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, Жезқазған қалалық жылумен, сумен қамтамасыз ету кәсіпорыны әкімдік балансына өтетінін, соған орай, қала әкіміне дайындық шараларымен тікелей өзі айналысып, жөндеу жұмыстарының барысын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Жиында сондай-ақ, жылыту маусымына қажетті көмірмен қамтамасыз ету мәселесі де сөз болды. Өңір басшысы бұл ретте көмірмен уақытылы қамтамасыз ету, сондай-ақ, күзгі сұраныс кезінде көмір тапшылығын болдырмау үшін қала және аудан әкімдеріне, облыстық денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет және халықты әлеуметтік қорғау басқармаларының басшыларына 15 қыркүйекке дейін көмірді сатып алу және оны жеткізуге қатысты жұмыстарды тиянақты жүргізу туралы тапсырмалар берді.
Бұдан бөлек, тиісті салалық басқармалар басшыларының хабарламалары тыңдалып, мектептерді жаңа оқу жылына әзірлеу мен індетке қарсы қолға алынған шаралар тізбегі талқыланды, тиісінше, міндеттер аясы нақтыланды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.