Өткен аптада Қаражал қаласының мәдени өмірінде естен кетпес жарқын оқиға орын алды. «Қызғалдақ көктем-2025» фестивалінің III кезеңі — эстрада әншілеріне пародия жасау сайысы сәтті өтті. Бұл кеш – жай ғана байқау емес, өнерге деген махаббаттың, шығармашылықтың, тапқырлық пен юмордың нағыз думанына айналды.
Естеріңізде болса, биылғы фестивальдің 30 сәуір күні өткен II кезеңі – халықтық би жарысымен есте қалған еді. Ал бұл жолғы кезең – көрермен көңілін серпілтіп, күлкіге қарық қылған, сахнаның шынайы иелерін анықтаған сәт болды.
Пародия – жай ғана еліктеу емес, нақты образға кіріп, оны жаңаша стильде, қызықты әрі тапқыр түрде көрсету өнері. Француз тілінен аударғанда parodia – керісінше қайталау деген мағына береді. Әдебиетте, театрда, музыка мен эстрадада қолданылатын бұл жанр сатира мен юморға негізделген, сын мен шынайылықтың арасындағы нәзік шекараны білдіреді. Осы жолғы кеш – сол шекараны сақтап, әрі асқан шеберлікпен елге күлкі мен ой салған сәт болды.
Кештің әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында Қаражал қаласы әкімінің орынбасары, қазылар алқасының төрайымы – Диана Оспанбекова, Шалғы кентінің әкімі – Азамат Кәдірсізов, Жәйрем кенті мәдени-сауық орталығының директоры – Ақмарал Иманбекова, Қаражал қаласы ЮНЕСКО клубы «Балалар өнер мектебі» домбыра және гитара сыныбының оқытушысы – Ғази Рахимов болды. Олар қатысушылардың сахналық мәдениетіне, киім үлгісіне, орындау шеберлігіне және көркемдік шешімдеріне аса мән берді. Қазылардың кәсіби көзқарасы сайыстың шынайы бағасын айқындап берді.
Кештің шымылдығын №3 жалпы білім беретін мектептің ұлағатты ұстазы – Лаура Набиқызы ашты. Ол романтикалық көңіл-күймен қатар, жүректі елжірететін күлкі сыйлай білген эстрада жұлдызы Лариннің «Тату» әніне ерекше пародия жасады. Әннің мәнін терең жеткізген бұл өнер туындысы көрермендер тарапынан ыстық ықыласқа ие болды.
Келесі болып сахнаға шыққан – Қаражал қалалық мәслихаты аппараты, Қаражал қаласының әкімдігі мен қалалық орталықтандырылған кітапхана ұжымы. Олар өзбекстандық танымал әнші Озода орындаған «Көк жигули» әніне пародия ұсынып, көрерменге көңілді кеш тарту етті. Ән мен образ үндестігі сахнада әсерлі көрінді.
Ал, №1 жалпы білім беретін мектептің ұстаздары сахнаға шынайы шабытпен шықты. Олар 70–80-жылдары кеңестік музыканың шыңында болған әйгілі «Ялла» вокалды-аспаптық ансамблінің попуррилерін орындап, ансамбльдің ұлттық өзбек нақышындағы әуендерін бүгінгі заманмен байланыстыра білді. «Ялла» тобының сахнадағы рухын жаңғыртқан бұл нөмір көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Сахнаның сәнін келтірген келесі ұжым – қалалық кәсіпкерлер палатасы. Бұл ұжым халыққа күлкі мен терең ой сыйлай алған ерекше қойылыммен шықты. Олар танымал жұлдызды жұп – Беркут пен Аишаның «Дуния» әніне жасалған пародия арқылы шынайы өмір мен сахналық бейнені сәтті ұштастыра білді.
Кештің көркем көрінісі – «Балбөбек» бөбекжайының ұжымы. Олар заманауи әнші Луинаның «Хэй–я» әніне ұлттық нақыш қосып, пародияны шығармашылық деңгейге жеткізді. Заманауи стиль мен ұлттық мәдениетті үйлестіре білген бұл өнер туындысы көрерменнің есінде ұзақ сақталары анық.
Сахнаның ең соңында өнер көрсеткен – «Өркен Атасу» ЖШС ұжымы. Олар танымал топ «Ирина Қайратовна» стиліндегі «Айдаһар» әнін таңдап, оған ерекше өң беріп, күлкі мен мағынаға толы қойылым ұсынды.
Фестивальдің бұл кезеңі – тек жарыс емес, шын мәнінде өнерге ғашық жандардың тоғысқан алаңы болды. Әр қатысушы өздерінің сахналық шеберлігін, тапқырлығын, актерлік қабілетін, киім үлгісі мен көркемдік талғамын жоғары деңгейде көрсетті. Жоғары ұпай иеленгендер де, аз ғана балл жетпеген қатысушылар да – бәрі де шынайы қошеметке лайық.
Себебі, бұл кеш – бәсеке емес, бірлік пен шығармашылықтың, күлкі мен руханияттың тоғысқан думаны болды. Пародия – тек көңіл көтеру құралы емес, көрерменге ой салып, елдің жүрегіне жол табатын ерекше жанр. Бұл кеш дәл осы қасиетті айқын көрсетті.
«Қызғалдақ көктем» фестивалі жалғасуда. Келесі кезеңдерде де өнерсүйер қауымның жүрегін тербейтін жарқын сәттер мол боларына сеніміміз мол.