Көктем – жаңарудың, үміттің, өмірдің қайта түлейтін мезгілі. Табиғатқа жан бітірген осы шуақты шақпен бірге жүректерге жылулық сыйлайтын ерекше мереке – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні келеді. Бұл – нәзіктік пен парасаттың, мейірім мен даналықтың символына айналған аналар мен аруларға көрсетілетін шексіз құрметтің күні.
Ана – адамзат өмірінің мәңгілік тірегі, мейірім мен махаббаттың сарқылмас қайнары. Оның жүрегі шексіз жылулыққа толы, әрбір сөзі мен ісінен нәзіктік пен қайсарлықтың үйлесімі сезіледі. Ана құшағы – жанға сая, көңілге медет, ал мейірімге толы үні – жүрекке шипа. Ұйқысыз түндер мен тынымсыз еңбектің арасында да ол отбасының шамшырағы болып, баласына өмірдің жарық жолын көрсетеді. Ана – үміт пен сенімнің шырағын жаққан, әр жүрекке сәуле шашқан мәңгілік нұр.
Әрбір әйел – терең сезім мен сырға толы тұтас бір әлем. Оның мейірімі жібектей нәзік болса, рухы асқар таудай биік. Әйел – өмірдің жарығы, отбасының алтын діңгегі, ұрпақ тәрбиесінің ұлы ұстазы. Аналар – әр баланың жүрегіндегі мейірім мен махаббаттың қайнар көзі. Олар нәзік жүрегімен шаңырақтың жылуын сақтап, қоғамға ізгілік пен парасаттың дәнін себеді. Аналардың мейірімі мен даналығы – әр отбасының берекесі, әр ұрпақтың тірегі, тұтас қоғамның жүрегі.
Қаражал қаласында бұл мереке жыл сайын ерекше салтанатпен аталып өтеді. Биылғы мерекелік шара да дәстүрге сай жылы лебіздерге, әсем ән мен әдемі өнерге толы болды. Салтанатты кешке жиналған қауым аналар мен аруларға құрмет көрсетіп, олардың отбасы мен қоғамдағы еңбегін зор ықыласпен бағалады.
Мерекелік жиында қала әкімі Айқын Елеусізов әйелдер қауымын шын жүректен құттықтап, олардың қаланың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Өз сөзінде қала басшысы:
– Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің ұйытқысы – әйел-аналар қауымы. Нәзік жандылардың аялы алақаны, нұрлы жүзі, жан шуағы әрбір отбасын ғана емес, бүкіл қоғамды ізгілік пен мейірімге үндейді. Көктеммен бірге келген осы мерекеде баршаңызға амандық, отбастарыңызға бақ-береке, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін, – деді.
Салтанатты кеш барысында қоғамдық өмірге белсене араласып, өз ісінде табысқа жеткен бірқатар әйелдер марапатқа ие болды. Биылғы марапат иелерінің қатарында көпбалалы ана Жазира Алибекова «Күміс алқа» иегері атанды.
Сондай-ақ, Қаражал қаласының Құрмет грамотасымен төмендегі азаматшалар марапатталды: Гүлдари Сариева – Қаражал қаласы ауруханасының медбикесі, Мереке Ибраева – Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің меңгерушісі, Анаргүл Исатаева – «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінің конвейер операторы, Жаннұр Жакенова – Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы.
Бұл марапаттар – олардың қажырлы еңбегі мен қоғамға қосқан зор үлесінің айқын көрінісі. Сонымен қатар, Қаражал қаласы әкімінің Алғыс хатымен түрлі салада еңбек етіп жүрген бірқатар азаматшалар марапатталды.
Олардың қатарында Диана Алтаева, Айгерім Бургокова, Гаухар Калгожина, Еркеназ Әуесхан, Айсұлу Ахметвалеева, Ирина Наймиллер, Любовь Бойчук, Жұлдыз Әлтаева, Балдырған Отыншина, Динара Умурзакова, Лариса Микишева, Назира Артықбаева, Татьяна Козлова секілді өз ісіне адал, еңбекқор жандар марапатталды.
Іс-шара мерекелік концертке ұласты. Қарағанды өңірінен арнайы келген күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілердің өнері көрермендердің көңілін көтеріп, ерекше әсер сыйлады.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – қаламыздың жас дизайнерлері Қарлығаш Шакенова мен Дарайым Қуатованың сән көрсетілімі болды. «KSh Collection» және «Dara Brand» топтамалары ұлттық нақыш пен заманауи сәнді үйлестіре отырып, көрермендерді тәнті етті. Сахнада ұсынылған сән үлгілері қазақ халқының бай мәдениеті мен талғамын айшықтап, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Қолөнер көрмесі мен сән дефилесі арқылы халқымыздың дәстүрі мен сәндік өнері дәріптеліп, аналардың еңбегі мен шеберлігіне зор құрмет көрсетілді.
Кеш соңында салтанатты шара ерекше жылы атмосферада жалғасын тапты. Қала әкімінің атынан «Тұран» мейрамханасында арнайы қабылдау ұйымдастырылды. Бұл кешке қаланың дамуына өз үлесін қосып жүрген, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген арулар мен аналар шақырылды.
Жиын барысында қонақтарға кең дастарқан жайылып, әсем әуен мен жылы әңгіме кештің көркін одан әрі аша түсті. «Тұран» мейрамханасында өткен қабылдау нәзік жандыларға деген ерекше құрметтің белгісіндей әсер қалдырды.
Қала өмірінің түрлі саласында еңбек етіп жүрген арулар мен аналар бір-бірімен пікір алмасып, жылы лебіздерін білдіріп, көтеріңкі көңіл-күйді бірге бөлісті. Бұл басқосу тек кездесу ғана емес, қоғамдағы әйелдердің еңбегін бағалап, олардың қала дамуына қосып жүрген үлесін құрметтеудің жарқын көрінісіне айналды.
Кеш барысында аналардың даналығы, әйелдердің еңбекқорлығы мен өмірге деген құштарлығы жайлы тағылымды әңгімелер айтылып, жүрекке жылы әсер сыйлаған сәттер көп болды.
Осылайша көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні Қаражал қаласында ерекше ықылас пен көтеріңкі көңіл-күйде аталып өтті. Бұл күн аналар мен аруларға деген шексіз құрметтің, ризашылық пен ізгі тілектің мерекесіне айналып, көпшіліктің жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды.
Бұл күн – әрбір әйелдің жүрегіне, оның отбасы мен қоғамға деген сүйіспеншілігіне тағзым ететін күн. Аналар мен арулар әрдайым ерекше құрметке лайық. Олар – әр отбасының бақыты, әр қоғамның алтын діңгегі.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ.

