«Көңілді отбасылар» сайысы өтті

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, оларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шараларды қолға алу туралы тапсырма бергені белгілі. Мемлекет басшысы сол арқылы өскелең ұрпақтың болашағына мән беріп, жастарға зор үміт артатынын жүйелі негізде жеткізді және жас буынға жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керектігін нақтылады.

Осы бағытта қалада оралымды істер қолға алынуда. Осы орайда, Отбасы күні аясында «Балбөбек» бөбекжайында ата-аналар және мектепалды даярлық тобының бүлдіршіндерінің қатысуымен «Көңілді отбасылар» спорттық-зияткерлік ойын-сайысы өткізілді. Оның мақсаты – жас ұрпақтың денсаулығын сақтау және нығайту, қимылдық іскерлігін жақсарту. Балалардың ынталы іскерлігін арттыру, ата-аналармен тығыз достық қатынасына қолдау көрсету. Бүлдіршіндерді ойындармен, жаттығулармен таныстыру арқылы ойын техникасын меңгерту. Бөбекжай мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты нығайту

Сайысқа мектепке дейінгі «Зайчата», «Гүлдер», «Қызғалдақ» топтарының ата-аналары белсене қатысты. «Гүлдер» тобы құрамында Садықовтар отбасы болса, «Зайчата» тобынан – Голяткиндар отбасы мен Балғатай отбасы болды. Ал «Қызғалдақ» тобының намысын Мұсатай отбасы қорғады.

Жарыс «Таныстыру», «Кенгуру», «Қаппен секіру», «Автомобиль», «Жемістер», «Жұмбақтар» секілді түрлі кезеңдерден тұрды. Ойын барысында ата-аналардың белсенділігі қызықтаушы қауымды айрықша тәнті етті.

Сайыс қорытындысында бас жүлдені Голяткиндер отбасы жеңіп алса, «Ең бақытты отбасы» номинациясы Садықовтар отбасының еншісіне тиді. Ал «Ең шапшаң отбасы» Мұсатай отбасына бұйырса, «Ең көңілді отбасы» номинациясын Балғатай отбасы қанжығалады.

Барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды. Балаларға медальдар мен ойыншықтар берілді.

Баян САМАЕВА,

«Балбөбек» бөбекжайының денешынықтыру нұсқаушысы.