Ұлытау облысында еңбек адамының мәртебесін көтеру, өндірістегі әйелдердің рөлін айшықтау мақсатында «Әйел рухы – табысқа жетелейтін күш» атты облыстық форум өтті. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауына орай ұйымдастырылды. Форумның басты мақсаты – қоғамдағы еңбек адамының орнын айқындау, әсіресе, өндірісте еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың табандылығы мен жігерін дәріптеу, жаңа идеялар алмасуға мүмкіндік жасау
Ауқымды шараға облыстың ірі кәсіпорындары мен мекемелерінің қызметкерлері, мәслихат депутаттары, белсенді азаматтар және қоғам қайраткерлері қатысты. Солардың қатарында Қаражал-Жәйрем өңірінің еңбекқор арулары да бар. Бұл – біздің өңірдің әр саласында еңбек етіп жүрген әйелдердің мәртебесін көтеретін қуанышты жайт. Форумда еңбек жолында табысқа жеткен әйелдердің тәжірибесі, жұмысшы мамандықтарды дамытудағы рөлі, өндірістегі гендерлік теңдік, кәсіби өсу мен өмір сапасын жақсарту мәселелері кеңінен талқыланды. Шараға шамамен 200-ден астам адам қатысып, әр саладағы әйелдердің жетістіктері паш етілді. — Форумға қатысу – мен үшін үлкен мәртебе. Өңіріміздің әр саласында еңбек етіп жүрген арулардың басы қосылған бұл жиында бізге бағытталған қаншама жылы сөздер айтылды. Қаражал-Жәйрем өңірінен іріктеліп алынған жұмысшы әйелдердің қатарында болғаныма қуаныштымын. Елімізде әйел затының мәртебесі арта берсін, бүгінгі күн – біздің еңбегіміздің бағаланған күні. Облысымыз бойынша үздік әйелдер бас қосқан форумның қадірлі қонағы болғаныма өте қуаныштымын. Жаңа адамдармен танысып, тың тақырыптар тыңда дым, жаңа идеялармен бөлістім. Рухани байыдым. Осы форумға лайықты деп жіберген өзімнің жұмыс орным – «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ басшылығына алғыс айтамын, – деді форумда «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің Алғыс хатына ие болған «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ теміржол цехының жүктерді қабылдап өткізушісі Шолпан Құлова. Сонымен қатар, бұл форумда «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінің жұмыскері Жанара Муканова мен «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ филиалы — магистралдық желінің Қарағанды бөлімшесі, Қаражал станциясының бағыттау бекетінің кезекшісі Аделя Аширбекова да марапатталды. Форумда айтылған ойлар мен ұсыныстар әйелдердің өндірістегі рөлін арттыруға, жұмысшы мамандықтардың беделін көтеруге бағытталған. Мұндай бастамалар қоғамдағы гендерлік теңдікке, кәсіби дамуға және өмір сапасын жақсартуға зор үлес қосатыны сөзсіз. Гауһар НАУРЫЗБАЕВА
