Еліміздегі шағын шаруашылықтар жеткілікті көлемде субсидия ала алмай отыр. Бұл туралы «Turkistan» газетіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
– Мемлекеттердің көбі ауыл шаруашылығына бюджеттен қыруар қаржы бөледі. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Шаруаларға 2024 жылы 580 миллиард теңге, былтыр 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл – өте қомақты қаржы. Соңғы он жылда шаруаларға көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе артты, бірақ оның тиімділігі күмән тудырады. 2015-2024 жылдары ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2,5 еседен астам өсті. Бұл көрсеткішті одан да көбейтуге болар еді, — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, егін шаруашылығындағы нәтижелер өте жақсы болды. Астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетті, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейе түсті. Бұл – егіннің шығымдылығы мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған шаралардың нақты нәтижесі.
— Енді басқа бағыттардағы жұмысты күшейту қажет. Ең алдымен, мал шаруашылығын дамыту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе, Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндігі бар. Сондықтан, былтыр қарашада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы дәл осы мал шаруашылығы саласына арналды. Билік ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамыту үшін көп жұмыс істеп жатыр. Бірақ, қомақты инвестиция құю қалаған нәтижеге жеткізе бермейді. Оның тиімді жұмсалуына баса назар аудару керек. Мен бұл туралы жуырда Таразға барған сапарымда айттым, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы іргелес елдердің бірде-біреуінде ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан мұндай ауқымды көмек көрсетілмейтіндігіне назар аудартты.
— Ол жақтағы шаруалар Қазақстандағы әріптестеріне жақсы жағдай жасалғанына таңғалып, оларды «аграрлық олигархтар» деп атай бастады. Дегенмен, еліміздегі шағын шаруашылықтар жеткілікті көлемде субсидия ала алмай отыр. Үкіметке осы мәселеге айрықша назар аудару туралы тапсырма берілді. Әлбетте, субсидиялар керек. Әсіресе, қазіргі кезеңде өте қажет. Бірақ, мұның кері әсері де бар. Себебі, масылдық пиғыл туғызып, ауыл шаруашылығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, қазір Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесін қарастырып жатыр. Кооперативтер еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ, дайын өнімді сататын нарықтарға жақын болуға, тұтынушылармен ұзақ мерзімге арналған қатым-қатынас орнатуға жол ашады, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев дамыған елдердегі кооперация жақсы қырынан көрінгенін айтты.
— Тіпті, ірі корпорация деңгейіне жеткен бірлестіктер бар. Қазақстанның барлық ауылында табысты кооперация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті. Шаруалар жазда малын бағып, сүт, ет, тері, жүн жинап, оны өңдеу үшін күш біріктіре алады. Солай етуге тиіс те. Күнкөрістен өсіп-өркендеуге бастайтын жол – осы. Кооперацияны бірлік пен жасампаздық идеологиясы деп те қарастырған дұрыс. Бірақ, кооперация өзінен өзі пайда бола салмайды. Ел ішінде егжей-тегжейлі түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу қажет. Алайда, бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бүгін Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған басылымның бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбаты жарияланды.
